Маусым айының ортасында Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты атышулы істегі фигурант – Бахытжан Байжановтың жұбайы Жоғарғы сотқа өтініш жолдаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"2025 жылғы 19 маусымда ҚР Жоғарғы сотына сотталушы Бахытжан Байжановтың қорғаушысы Айнұр Күлдеева (Байжановтың жұбайы – авт.) сот актілерін қайта қарау туралы өтінішпен жүгінді. Өтініште қорғаушы 2025 жылғы 23 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысын қайта қарауды сұраған. Сол қаулыда сот Байжанов пен оның адвокаты Ғазиз Ынтықбаевтың үкімді орындау барысында туындаған түсініксіз жайттар мен күмәнді мәселелерді түсіндіру туралы өтінішін қараусыз қайтарған", – делінген Жоғарғы соттың Informburo.kz ресми сұрауына берген жауабында.
Жоғарғы сот өтінішті кері қайтарды
24 маусымда Айнұр Күлдееваның өтініші қанағаттандырылмай, кері қайтарылды.
"Үкімді орындауға қатысты мәселелер бойынша шығарылған қаулы кассациялық тәртіпте шағымдануға және наразылық білдіруге жатпайды", – деп түсіндірді Жоғарғы сот.
Байжанов амнистия бойынша жаза мерзімін қысқартуды сұрады
Кейін, 9 шілдеде Бахытжан Байжанов Степногор аудандық сотына амнистия туралы заңға сәйкес жаза мерзімін қысқарту туралы өтініш түсірді.
Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты аса ауыр қылмысты – адам өлтіруді – алдын ала уағдаласпай жасырып қалғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Амнистия туралы заңға сәйкес, осы санаттағы қылмыспен сотталғандарға жаза мерзімін 1/5 бөлікке қысқарту қарастырылған. Бұл шамамен 9 айға тең.
Бахытжан Байжанов 2023 жылдың 11 қарашасынан бері қамауда отыр. Ал үкім 2024 жылдың 26 маусымында заңды күшіне енді. Осы екі аралықтағы уақыт бір жарым күн ретінде есептеледі.