Шалшықта жатып, балаларға су шашқан екі астаналық қамауға алынды

Шалшықта жатып, балаларға су шашқан екі астаналық қамауға алынды
видеодан кадр

Астанада тұрғын үй кешенінің ауласында қоғамдық тәртіпті бұзған екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында жаңбырдан кейін жиналған шалшық суда отырған екі ер адамның алкогольдік ішімдік ішіп, суды балаларға қарай шашып жатқан сәті бейнежазбаға түсіп қалған.

Тексеру нәтижесінде оқиғаға қатысушылардың 37 жастағы Алексей Свиридов пен 35 жастағы Владимир Логвин екені анықталды. Екі азаматқа да ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.

Сот шешімімен Алексей Свиридов 25 тәулікке әкімшілік қамауға алынса, Владимир Логвин 7 тәулікке қамауға алынды.

Құқық қорғау органдары қоғамдық орындарда азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол берілмейтінін ескертіп, мұндай құқық бұзушылықтарға заң аясында қатаң шара қолданылатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, оқиға түсірілген видео әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, қызу талқыланған болатын.