Сағынтаев метро құрылысын мерзімде аяқтау үшін қосымша жұмыс күшін жұмылдыруды тапсырды

Dalanews 06 там. 2021 07:30 842

Бүгін Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданындағы екі метро станциясының, инженерлік желілердің, Абай даңғылы мен Алатау көшесін үңгілеудің құрылыс қарқынын тексерді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Салынып жатқан метро станцияларын аралау кезінде қала әкіміне құрал-жабдықтарды жеткізу, құрылыс және әрлеу жұмыстарының жағдайы туралы баяндалды. «Сарыарқа» мен «Достық» станцияларының дайындығы 80%-дан асады. Бақытжан Сағынтаев метро құрылысын белгіленген мерзімде аяқталуына бақылауды күшейтуді және қосымша жұмыс күшін жұмылдыру қажеттігіне назар аударды.

Метроның басқа нысаны – Қалқаман станциясында  монтажды-щитті қазу жұмыстары дайын және үшінші іске қосу кешені туннеліндегі жұмыстар қарқынды жүруде. Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев Яссауи көшесінен Наурызбай даңғылының әкімшілік орталығына дейін ұзаратын Абай даңғылындағы жол жамылғыларын төсеуді жылдамдатуды тапсырды.

Алматының негізгі артерияларының бірі – Абай даңғылын үңгілеу жұмыстары 70%-ға орындалды. Бақытжан Сағынтаев ағымдағы жылдың соңына дейін даңғылда көлік қозғалысын ашуды міндет етіп қойды. Жаңарған Абай даңғылы Райымбек даңғылымен түйісіп, Алатау көшесіне шығады. Қазір Алатау көшесінде асфальттың жоғарғы қабатын төсеу, тротуар мен велосипед жолдарына жарық жүйесін орнату, абаттандыру жұмыстары жүруде. Нысан шамамен 80%-ға дайын. Жұмысты  толық аяқтау күзге жоспарланған.

Қала әкімі Шұғыла шағын ауданындағы «Aлма сити» ТК-нің құрылыс барысын қарап шықты. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында мұнда 3788 пәтерлі 128 үй салынады. Оларды халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы аналарға бөлетін болады. Бұдан өзге, жұмыс істейтін жастарға жалға және несиеге берілетін баспана ұсынылады. Бақытжан Сағынтаев құрылыс жүргізушінің назарын салынып жатқан үйлердің сапалы әрі қасбеттерінің заманауи қала талаптарына сай болуына аударды.



Мегаполис әкіміне қаланың осы бөлігін дамытудың алдын ала жасалған жоспары да көрсетілді. Кешенді жоспар бойынша әрқайсысы 1200 орынды үш мектеп, сондай-ақ балабақша мен СОСО орналасатын нысандар салу да қарастырылған. Бақытжан Сағынтаев тұрғындар бос уақыттарын өткізетін саябақ аумақтары мен скверлердің орындарын белгілеуді тапсырды.

Наурызбай ауданындағы Қонаев көшесі бойындағы Яссауи көшесінен Әшімов көшесіне дейінгі учаскесі реконструкциялануда. Осы учаске арқылы Жандосов көшесінен қаладан шығуға болады. Реконструкция тар көшені кеңейтеді әрі тротуары мен велосипед жолдары бар төрт жолақты жол салынады. Көлік қозғалысы үшін оны күзде ашу жоспарлануда.

Бақытжан Сағынтаев Таусамалы, Ақжар, Құрамыстағы инженерлік желілердің құрылысын, Тастыбұлақ шағын ауданындағы жолды қалпына келтіру жұмысын тағы бір рет қарап шықты. Соңғы шағын аудан тұрғындары жұмыс сапасына қатысты айтқан өтініштеріне дер кезінде назар аударғаны үшін алғыстарын білдірді. Қала әкімі жергілікті тұрғындарды белсенділік танытуға  және мердігердің сапасыз жұмысына ескерту жасауға шақырды.



Бұдан өзге, Бақытжан Сағынтаев Қарғалы өзені бойындағы су дайындау станциясының құрылыс барысын тексерді. Жобаның мердігері барлық қажетті құрал-жабдықтардың алынғанын, нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлағандарын баяндады.

Жалпы, Ақжар, Шұғыла, Тастыбұлақ, Таужолы, Жайлау, Қарғалы, Құрамыс шағын аудандарында 122 шақырым су құбыры мен 85 шақырым кәріз желілері салынуда. Жұмыс толық аяқталғаннан кейін, оның ішінде Қарғалы сүзу стансасының құрылысы біткен соң, ауданның 70 мың тұрғыны таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

Алматы әкімі  «Бюджетке қатысу» жобасы аясында Қалқаман және Құрамыс шағын аудандарының тұрғындары таңдаған балалардың ойын алаңдары, спорт және воркаут алаңдары салынатын жобалармен танысты. Б. Сағынтаев Ақжар шағын ауданындағы Жандосов көшесі бойында салынып жатқан жаяу жүргіншілер аймағын да қарап шықты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар