Сабақ уақытында шетелде жүрген: Түркістан облысында білім саласындағы шенділер жауапкершілікке тартылды

Сабақ уақытында шетелде жүрген: Түркістан облысында білім саласындағы шенділер жауапкершілікке тартылды
gov.kz

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының прокуратурасы аудандық білім бөлімінде және оған қарасты білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасы Еңбек және Бюджет кодекстері талаптары сақталуына талдау жүргізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Талдау нәтижесінде білім беру саласының бірқатар қызметкері жұмыс уақытында және сабақ өтетін кезде шетелге шығып кеткені анықталған.

Алайда олардың жұмыс орнында болмаған уақыттарына қарамастан жалақы толық көлемде есептеліп, төленген.  

"Аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, сондай ақ, мектеп мұғалімдері мен жұмысшылары сабақ пен жұмыс уақытында шетелге шыққаны тіркелген. Талдау қорытындысы бойынша білім бөлімі қызметкерлеріне қатысты 389 мың теңгеден аса, ал білім беру ұйымдары бойынша жалпы 15 млн теңгеден аса бюджет қаражаты негізсіз жұмсалғаны анықталды.

Прокурорлық қадағалау актісі негізінде жұмыс уақытында шетелге шыққан қызметкерлермен қатар, осы заңбұзушылықтарға жол берген басшылар Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік қызмет туралы" заңының 50-бабы талаптарын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде мемлекет кірісіне 15 миллион теңгеден аса қаражат өндіріліп, 680 тұлға жауапкершілікке тартылды", - деп жазылған хабарламада.