Энергетика министрлігі Энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан аумақтық департаментінің өкілдері жылыту маусымына дайындық кезінде Риддердегі ЖЭО-ға аяқ басқан емес.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың төрағалығымен өткен кеңесте ведомство мамандары жылу орталығындағы нақты жағдайды көрмей, өз қызметін қағазбастылық пен және қағаз жүзінде жауап берумен ғана шектегені белгілі болды.
Ал 15 қыркүйекте облыстық аумақтық департаменттің өкілі Энергетика министрлігіне Риддер қаласындағы ЖЭО жылыту маусымына толық дайын екендігі туралы хат жолдаған.
"Дер кезінде ЖЭО жылыту маусымына дайын емес екендігі жайлы, ондағы құрылғылардың ауыр жағдайы туралы дабыл қағудың, прокуратураға және басқада органдарға жүгінудің орнына, ведомство бірнеше кішігірім әкімшілік айыппұлдармен шектелген. Бұны мен әрекетсіздік және немқұрайлық дер едім», - деді Даниал Ахметов.
Энергетика министрлігі Энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің ШҚО бойынша аумақтық департамент өкілі Еркебұлан Сергебаев кеңесте, қалыптасқан жағдай алдында өзінің дәрменсіздігін мойындап, Риддердегі ЖЭО басшылығы "№4,5 қазандықтар жөнделді" деген жалған хат жібергенін мойындап, сол арқылы басқарманы жаңылыстырғанын, ал қазандықтар апатты жағдайда екенін жасырғанын жеткізді.
Сонымен қатар, станция басшылары тораптағы бақылау-өлшеу құралдарында орын алған өрт туралы ақпаратты да жасырған болып шықты.
Бірақ егер Департаменттің кем дегенде бір өкілі ЖЭО-ға бір рет келіп, қондырғылар мен агрегаттардың көпшілігі қандай жағдайда екеніне көз жүгіртіп, бақылау жасаса, апаттың алдын алар еді, тұрғындар қыс мезгілінде жылусыз қалмас еді.
Олар тек ЖЭО басшылары берген ақпаратқа сеніп отырған. Олар біздің еліміздегі басқа энергонысандарды тексеруге мұндай көзқараспен қараса, не болуы мүмкін екенін елестетудің өзі қорқынышты.
"Ведомство өзінің әрекетсіздігімен 60 мыңға жуық халқы бар қаланы қиын жағдайға душар етті. Мен мұндай жауапсыз, өз ісіне немқұрайлы қарайтын шенеуніктерге мемлекеттік қызметте орын жоқ екеніне сенімдімін", – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі.
https://dalanews.kz/news/84255-zangdy-qoqys-poligondarynyng-tapshylyg