Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасады деп айыпталған Ернар Жиембайдың ісі бойынша ертең сот үкімі жариялануы тиіс. Дау тудырған қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы екі апта бұрын басталған болатын, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бүгін сотта айыпталушы Ернар Жиембай соңғы сөзін айтты. Ол өз әрекеттерін «кісі өлтіруге оқталу» емес, «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабына қайта саралауды сұрады. Сондай-ақ шын өкініп отырғанын ескеріп, бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды өтінді.
"Мен – отбасымның жалғыз асыраушысымын. Екі кәмелетке толмаған ұлым, науқас әкем бар", – деді ол өз сөзінде.
Осыдан кейін судья Абинур Қарабаев кеңесу бөлмесіне кетті.
"Үкім ертең сағат 12:00-де жарияланады. Бірақ бұл нақты уақыт емес", – деді судья.
Кеше сот жарыссөзінде айыпталушы өзінің бұрынғы көрсетулерінде қалатынын мәлімдеді.
Оған дейінгі отырыста мемлекеттік айыптаушы, прокурор Бауыржан Қараманов Ернар Жиембайға қандай жаза мерзімін сұрайтынын жариялаған болатын.