«Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв пен Мысыр Араб Республикасының электр энергетикасы және жаңартылатын энергия көздері министрі Махмуд Эсмат Нижний Новгородта кездесу өткізді. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе — Мысырдағы алғашқы «Эль-Дабаа» АЭС-інің құрылыс барысы болды, деп Atom Media-ға сілтеме жасап Dalanews хабарлайды.
Тараптар атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынына оң баға берді. Айта кетейік, биыл шілдеде станцияның екінші энергоблогындағы реактор корпусы жобалық орнына салтанатты түрде орнатылған болатын. Жоспар бойынша АЭС өзінің алғашқы электр энергиясын 2028 жылы бере бастайды.
Басшылар негізгі құрылыспен қатар энергетикалық және энергетикаға жатпайтын салалардағы серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін де қарастырды. Атап айтқанда, су тұщыту станциясын салу, сондай-ақ Мысырда ядролық медицина мен аддитивті технологиялар орталықтарын ашу мәселелері сөз болды.
Мысырдағы алғашқы «Эль-Дабаа» АЭС-і Жерорта теңізінің жағалауында, Каирден 300 шақырым жердегі Матрух провинциясында бой көтеріп жатыр. Жоба жиынтық қуаты 4800 МВт болатын «3+» буынындағы ресейлік ВВЭР-1200 реакторлары бар төрт энергоблокты қамтиды. 2017 жылғы келісімшарттарға сәйкес, Ресей тарапы құрылыстан бастап отын жеткізуге, мамандарды оқытуға және пайдаланылған отынды сақтау объектілерін салуға дейінгі толық қолдауды қамтамасыз етеді.
2025 жылғы қарашада «Росатом» мен Мысыр Электр энергетикасы министрлігі қол қойған кешенді бағдарлама серіктестікті жаңа деңгейге шығарды. Бұл құжат ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайтып, Мысыр экономикасының түйінді салаларында жаңа жобаларды іске қосуға жол ашады.