Қазақстан Республикасы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жұмыс сапарымен "Нұр Жолы" Қазақстан-Қытай автокөлік өткізу бекетінде болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аталған іс-шара Мемлекет басшысының шекара маңындағы инфрақұрылымды жаңғырту және логистикалық бағыттардың тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында өтті.
Сапар барысында Роман Скляр пункттің инфрақұрылымы және өндірістік қызметімен танысты, рәсімдерді цифрландыру, өткізу қабілеті деңгейін, сондай-ақ жүк тасымалының ашықтығы мен үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз ету барысын бағалады.
Тексеру қорытындысы бойынша Премьер-министрдің бірінші орынбасары жауапты мемлекеттік органдарға ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, өткізу пункттерін жаңғыртуды жеделдету, жүктерді өңдеу мерзімдерін сақтай отырып, санитарлық-бақылау талаптарын қамтамасыз ету, сондай-ақ өткізу процестерінің тиімділігін арттыру үшін заманауи IT-шешімдерді енгізу жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Өткізу пункттерінің ҚХР-мен белсенді экономикалық өзара іс-қимыл жағдайында экспорттық-импорттық операцияларды орнықты дамыту және еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру үшін стратегиялық маңыздылығы атап өтілді.
Аталған тапсырмалардың орындалуы Үкіметтің тұрақты бақылауында болады.