"Roblox сөзін білмейтін бала жоқ". Депутат танымал ойынды шектеуді ұсынды

Сағыныш Сардарова 14 қаң. 2026 11:55

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке маңызды сауал жолдап, Roblox ойынын шектеуді ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазір интернет пен онлайн ойын платформалары балалар мен жасөспірімдердің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Солардың бірі – Roblox онлайн платформасы. Roblox сөзін білмейтін бала жоқ. Бұл - пайдаланушыларға өз ойындарын құруға, виртуалды әлемдерде қарым-қатынас жасауға және басқа ойыншылармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін халықаралық платформа", - деді ол.

Депутат келтірген 2025 жылғы ашық дереккөзге сәйкес Roblox платформасына кіретін күнделікті белсенді қолданушылар саны 150 миллионға жуық. Пайдаланушылардың басым бөлігі - кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер.

"Ата-аналар, педагогтер және халықаралық сарапшылар тарапынан Roblox ойынының балалар психикасына кері әсер етуі мүмкін екені туралы алаңдаушылық жиі көтеріліп отыр. Атап айтқанда, виртуалды тәуелділік, агрессивті мінез-құлық, шынайы өмірден алшақтау, сондай-ақ, жас ерекшелігіне сай келмейтін контентпен бетпе-бет келу фактілері кездеседі", - деді депутат.

Үнзила Шапақ бұған дейін мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов "Roblox-ты блоктау немесе шектеу мәселесін қарастырмаймыз" дегенін еске салды.

"Roblox платформасының балалар қауіпсіздігіне, олардың психологиялық дамуына әсеріне байланысты бірқатар мемлекет қатаң шаралар қабылдап жатыр. Түркия, Катар, Ресей, Қытай, Иран, Солтүстік Корея және басқа да мемлекеттерде бұл платформа бұғатталды. Ал Қазақстанда не себепті әлі күнге дейін бұл платформаға шектеу немесе терең сараптамалық бағалау жүргізілмей отырғаны түсініксіз күйінде қалып отыр", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove