Рыбакина мен Путинцева әлемдік рейтингіде төмен сырғыды

Қаракөз Амантай 07 қаз. 2024 12:16 2700

WTA (Әйелдер теннис қауымдастығы) әлемнің үздік теннисшілерінің рейтингін жаңартты. Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина бір саты төмендеп, алғашқы бестікті түйіндеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ал тізімдегі алғашқы үштік өзгеріссіз қалды. Атап айтатын болсақ, польшалық Ига Швентек көш бастап, белорус теннисшісі Арина Соболенко екінші, ал америкалық Джессика Пигула үшінші орында тұр. 

Рейтингтегі өзгерістер

Рыбакинаның төртінші сатыдағы орнын америкалық теннисші Кори Гауфф басты. Қазақстанның тағы бір теннисшісі Юлия Путинцева да өз позициясынан айырылып, 35-орынға төмендеді. Алайда Анна Данилина жұптық сында жақсы нәтиже көрсетіп, үш саты көтеріліп, 31-орынға тұрақтады.

Айта кетейік, Рыбакина мен Путинцева - Қазақстанның халықаралық теннис аренасындағы маңызды тұлғалар. Рыбакина 2022 жылы Уимблдон турнирінде жеңіске жеткеннен кейін әлем назарын аударған, ал Путинцева тұрақты түрде халықаралық жарыстарда жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Қазақстан теннисі үшін аталмыш рейтинг өзгерістері жаңа мақсаттар мен болашақта жетістіктерге ұмтылу қажет екенін көрсетеді.

Еске салайық, екі спортшы да бұған дейін Париж Олимпиадасына денсаулық жағдайларына байланысты қатыспаған еді. 

"Құрметті қазақстандықтар! Маған бұл туралы айту оңайға соқпады. Өкінішке қарай, Париж Олимпиадасына қатыса алмаймын. Уимблдон турнирінен кейін мен жедел бронхитпен ауырып қалдым, жаттығуға қайта оралуға тырысқаныммен, денем әлі қалпына келген жоқ. Дәрігерлер кортқа шығуыма үзілді-кесілді тыйым салды", - деді Рыбакина. 

Артынша Юлия Путинцеваның да Париж Олимпиадасына қатыспайтыны белгілі болды. 

Қазақстан теннис федерацияның мәліметінше, Путинцева Парижге ұшып келіп, белсенді түрде жаттыға бастаған. Алайда украиналық Марта Костюкпен болатын матч алдындағы дайындықта қазақстандық спортшы тізесін ауыртып алған. Медициналық тексеруден өткен соң турнирден бас тарту туралы шешім қабылданды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар