Рыбакина мемлекеттік марапатқа лайық па - депутат

Ақтоты Жапатова 12 қар. 2025 10:24

Казақстандық теннисші Елена Рыбакина ірі халықаралық турнирде жеңіске жетіп, WTA маусымдық жарысының чемпионы атанды. Алайда марапаттау сәтіндегі бір жайт қоғамда қызу талқы туғызды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қоғам қайраткері Ғалым Байтуктың айтуынша, марапаттау кезінде Қазақстан туы көрінбеген.

«Ту тек таблодағы кішкентай жазу түрінде ғана болды. Ал спортшының, оның командасының немесе Федерация басшысы Болат Өтемұратовтың үстінде елдің символикасы мүлде болған жоқ. Тіпті, Рыбакинаның сөзінде де Қазақстанға алғыс айтылған жоқ», - дейді ол.

Байтук мұны ел намысын қорғап жүрген спортшылар мен спорт басшылығы арасындағы патриотизмнің әлсіздігі деп бағалады.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те бұл жағдайға пікір білдіріп, Рыбакинаға мемлекеттік марапат берудің орынды-орынсыздығын көтерді. Оның айтуынша, елдің туын көтермей, мемлекеттік рәміздерді құрметтемеген спортшының марапатқа лайықтылығы күмән тудырады.

Еске сала кетейік, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны жеңісімен құттықтап, оған «Барыс» орденінің III дәрежесін беру туралы жарлыққа қол қойған болатын.

Бұған дейін де Рыбакинаға қатысты жанкүйерлер арасында оның ел атынан шығатын жарыстардан бас тартатынына қатысты дау туындаған болатын. Былтыр ол тыныс жолдарының қатты қабынуына байланысты Париж олимпиадасына қатыспайтынын хабарлады.

«Уимблдоннан кейін ауыр бронхитке шалдықтым. Ағзам толық қалпына келген жоқ, дәрігерлер кортқа шығуға рұқсат бермеді. Қазақстан үшін ойнай алмайтыныма қатты өкінемін», — деді спортшы.

Рыбакинаны бұл олимпиадада алтын жүлдеге басты үміткерлердің бірі санаған еді. Алайда бұл — оның ұлттық құрама сапындағы алғашқы бас тартуы емес. Бұған дейін теннисші 2023 жылғы Азия ойындарына, Билли Джин Кинг кубогына, сондай-ақ іріктеу жарыстарына қатысқан жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар