“Рейс кейінге шегерілді”. Жолаушы Fly Arystan бортсерігіне шабуыл жасады

Қаракөз Амантай 14 қаң. 2025 10:25 17188

FlyArystan әуе компаниясының Астана – Өскемен бағытындағы рейсіне отырғызу кезінде жолаушылардың бірі бортсерікке шабуыл жасады. Бұл туралы журналист Азамат Ерғали әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, шамамен 50 жастағы ер адам ұшаққа отырғызу кезінде агрессивті әрекет танытқан.

“13 қаңтар күні Fly Arystan-ның 7371 рейсінде есерсоқ жолаушы бортсерікке шабуыл жасап, оған қол көтерді. Бұзақы менің орындығымның артында отырды. Бір кезде орындыққа қатты соққы тигенін сездім. Содан кейін бортсерік қыз бен ер адамның айғайын естідім. Қорыққанымнан орнымнан атып тұрдым. Мен оны тоқтатпақ болып, “Не істеп жатырсың?!” деп айқай салғанда ол маған да бірнеше рет қолымен соққы жасады”, — дейді ол.

Сөзінше, ер адам кейін де тәртіпсіздігін жалғастырып, басқа жолаушыларға, оның ішінде оқиға куәгеріне де тиісе бастаған.

Аталған оқиғадан соң полиция барлық жолаушыны борттан түсіріп, рейсті кейінге қалдыруға мәжбүр болған. Әзірге әуе компаниясы бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Полицияның мәліметінше, 47 жастағы ер адам ұсталған. Көлік департаменті оның әрекеті қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіргенін атап өтті.

“Күдікті мас күйінде бортсеріктің ішінен ұрып, ұшақтан шығып бара жатып “бомба” деп айқайлаған. Бұл жолаушылар мен экипаж арасында дүрбелең тудырды”, – делінген көлік басқармасының хабарламасында.

Осы оқиғаға байланысты бұзақылық және терроризм актісі туралы жалған ақпарат беру баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұшақ мұқият тексеріліп, жарылғыш құрылғылар немесе басқа да тыйым салынған заттар табылмады.

Еске салайық, бір жыл бұрын FlyArystan ұшағында осыған ұқсас оқиға тіркелген болатын. Танымал әртіс Бауыржан Нұрымбетов мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзып, стюардессаға қол жұмсаған. Салдарынан әртіске 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар