Зерттеушілердің мәліметінше, Silent Lynx хакерлік тобы Ресейдегі мұнай өңдеу зауытының жүйесіне және Ресей қалаларының біріндегі әкімдікке кибершабуыл жасаған. Reuters агенттігі бұл оқиғаны Қазақстанның Ресейге қарсы кибертыңшылық жүргізуінің сирек мысалы ретінде сипаттады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Reuters агенттігінің зерттеушілерге сілтеме жасап хабарлауынша, биыл Silent Lynx хакерлік тобы Ресейдегі мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасап, Ресей қалаларының біріндегі әкімдіктің ақпараттық жүйесін бұзған. Зерттеушілер бұл топтың Қазақстанда орналасуы мүмкін екенін айтады.
Cisco компаниясының зерттеушісі Чи-энь Шен мен Recorded Future киберқауіпсіздік компаниясының маманы Джулиан-Фердинанд Фогеле бірлесіп дайындаған есепте хакерлік топтың қызметі талданған. Мамандардың айтуынша, Silent Lynx бұған дейін Орталық Азия елдеріндегі мемлекеттік мекемелердің жүйелеріне де шабуыл жасаған.
Зерттеушілердің дерегінше, топ көбіне нысанаға бағытталған фишинг әдісін қолданады. Хакерлер маңызды құжаттарға ұқсайтын файлдар тіркелген электронды хаттар жібереді. Егер алушы тіркемені ашса, оның құрылғысына зиянды бағдарлама орнатылуы мүмкін.
Джонс Хопкинс университетінің Халықаралық зерттеулер жөніндегі жоғары мектебінің докторанты Олег Шакировтың пікірінше, бұл оқиға кибертыңшылықпен тек жетекші технологиялық державалар ғана айналыспайтынын көрсетеді.
«Басқа елдер де өз мүмкіндіктерін біртіндеп арттырып келеді», – деді ол Reuters агенттігіне берген түсініктемесінде.