Freedom Inside '26

Reuters: Иран Ормуз бұғазы арқылы өтпек болған жүк кемесіне оқ атты

Reuters: Иран Ормуз бұғазы арқылы өтпек болған жүк кемесіне оқ атты
news.am

Иран Ормуз бұғазы арқылы өтуге әрекет жасаған жүк кемесіне оқ атқан. Бұл туралы Reuters агенттігіне аты-жөнін жарияламаған АҚШ-тың екі лауазымды өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәліметке сәйкес, кеме бұған дейін белгісіз снарядтың соққысына ұшырағанын хабарлаған. Ұлыбританияның теңіз қауіпсіздігін бақылау агенттігі (UKMTO) оқиғаның Омандағы Дахит портының оңтүстік-шығысынан шамамен 7,5 теңіз милі қашықтықта болғанын мәлімдеді. Снаряд кеменің оң жақ бортына тиген.

Бұған дейін Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз өту тек Тегеран белгілеген бағыттармен ғана жүзеге асырылатынын ескерткен болатын. КСИР талаптарды орындамаған кемелерге қатысты шара қолданылатынын да мәлімдеген.

Қазіргі уақытта АҚШ пен Иран билігі аталған оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Оқиға әлемдік мұнай тасымалының маңызды дәлізі саналатын Ормуз бұғазындағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты алаңдаушылықты күшейтіп отыр.