Respublica? Біздің алға қойған мақсатымыз ауқымды – Сырымбек Тау

Dalanews 26 ақп. 2023 14:37 1344

– Сырымбек мырза, сіздің сайлаудан шеттетілгеніңізді естіп, халық біршама қамығып қалды. Жалпы, жағдайдың осылай болатынын күні бұрын білдіңіз бе?

– Шын сөзім, сайлаудан шеттелерімді күнібұрын білген жоқпын. Сайлауға қатысуға бел буып, білек сыбана кіріскен кезде бірінші кезекте еліміздің «Сайлау туралы» заңымен мұқият танысып шықтым.

Заңда сайлауға қатысушының Қазақстан азаматы болу керектігі тайға таңба басқандай анық жазылған. Оны жұрттың бәрі біледі. Сонымен қатар Мәжіліс депутаттығына үміткер кез келген адам Қазақстан аумағында 10 жыл тұруы шарт. Ал менің тарихи Отаным – Қазақстанға келіп, тұрып жатқаныма биыл аттай 17 жыл болды. Сондықтан өз басым сайлаудан шеттетілем деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеді.

– Сіз «Respublica» партиясының негізін қалаушы азаматтардың бірісіз. Жалпы, аталған партия өмірге қалай келді? Жоғары жақтан қандай да бір тапсырма түскен жоқ па?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ жас кәсіпкерлерді қабылдағаны есіңізде шығар. Сол кездесуден шыққаннан кейін Айдарбек Қожаназаров екеуміз кездесіп, елімізге қалай пайдамызды тигіземіз деп ой бөліскен едік. Артынша, бізге Бейбіт Әлібеков қосылды.

Бұдан кейін, біздің ойымызды бизнестің түрлі саласында жүрген өзге азаматтар қолдады. Осыдан кейін, біздер еліміздің өсіп-өркендеуі үшін жаңа саяси ұйым құру керек екенін түсіндік. «Respublica» партиясы осылай пайда болды.


Біздің партияның сегіз теңтөрағасы болғандықтан, біз үшін партия құру анау айтқандай қиындық туғызған жоқ. Жігіттер өзара міндеттерімізді айқындап, жедел әрекет етіп, партия құрдық.

– «Respublica» партиясы негізінен, жас кәсіпкерлердің басын қосқан партия ретінде қоғамдық ортаға танылуда. Бұл бағытта сіздер «Ақ жолға» бәсекелес болмайсыздар ма?

– Бірден айтайын, «Respublica» партиясы «Ақ жолдың» бәсекелесі болмайды. Біздің алға қойған мақсатымыз ауқымды.

Өз басым ұзақ жыл бизнесте жүрген адам ретінде «Ақ жол» еліміздегі кәсіпкерлердің мүддесін қорғаған негізгі партия болды деп айта алмас едім. Әңгіменің ашығын айтсақ, «Ақ жол» партиясы мен «Атамекен» палатасы шағын және орта бизнестің мүддесін қорғаған жоқ. Оның немен айналысқанын өздеріңіз де білесіздер ғой. Сол себепті бізге «Ақ жол» бәсекелес бола алмайды.

Біздің «Respublica» партиясы негізінен, мүшелері креативті жас кәсіпкерлерден құралуда. Алдағы уақытта біздер Мәжіліске өтіп жатсақ, өзіміз секілді жас кәсіпкерлердің мүддесін қорғап, еліміздің дамуына өз үлесімізді қосатын боламыз.

Ата-бабаларымыз «жас келсе іске» деп бекер айтпаған ғой. Сол аталарымыз айтқан сөзді басты назарда ұстап, ел мүддесі үшін жұмыс істейміз. Оған сенімдеріңіз кәміл болсын!

– Тамаша, Сырымбек мырза! Сізді көпшілік шағын кәсіпкерлікті өркендетіп танылған іскер азамат ретінде таниды ғой. Еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікке жасалынып жатқан мемлекеттің көмек-қолдауларына көңіліңіз тола ма?

– Шынымды айтсам, мемлекеттің бұл бағыттағы жұмыстарына көңілім толмайды. Шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер мардымсыз.

Шағын кәсіп иелері мемлекеттің көмегін пайдалануға ұмтылғанда бюрократиялық кедергілер мен қағазбастылыққа қатты кедергі келтіреді. Осыдан кейін мұндай көмектерді билікте жүргендердің жақындары, құда-жегжаттары алатыны жасырын емес. Мұны мен айтпасам да халық жақсы біледі.


Тағы айта түссек, мемлекеттің кәсіпкерлерге ұсынып отырған жеңілдетілген несиелерінің пайыздық үстемесі өте жоғары. Сол себепті көптеген кәсіпкерлер оны алып, қарызға батқанды жөн санамайды.

Алдағы уақытта біздер осымен күресіп, кәсіп ашуға бағытталған мемлекеттің қаржылай қолдауын қолжетімді етуге күш салатын боламыз.

– Еліміз тәуелсіздік алғалы бері кәсіпкерлік саланы қолдау үшін қыруар қаржы бөліп келеді. Кәсібіңізді дамытуда мемлекеттің жеңілдетілген несиесін алған кезіңіз болды ма? Оны алу механизміне көңіліңіз тола ма?

– Әңгіменің ашығын айтсақ, еліміздегі шағын кәсіпкерлер мемлекеттің жеңілдетілген несиесін алмауға тырысады. Оның басты екі себебі бар. Біріншісі, жоғарыда айтқанымдай, жеңілдетілген несиені алу үшін оның ауыр жолын жүріп өтуіңе тура келеді. Бұл жолды жүріп өтуге кеткен күш-қайратыңды басқаға жұмсаған дұрыс.

Екіншіден, мұндай жеңілдетілген несиені алу үшін кәсіпкерлер жемқорлықтың батпағына батуына тура келеді. Мұны жасырудың жөн жоқ шығар? Сондықтан кәсібімді дамыту барысында мемлекеттің жеңілдетілген несиесін алуға аса қатты құмартпадым.

Кәсібіне өмірін арнаған кез келген азамат бірінші орынға адалдықты қояды. Ал жеңілдетілген несиені алу үшін біреуге «шапкасын» беруіңе тура келеді. Осыдан кейін ар-ожданыңа дақ түседі.


Тек пандемия кезінде ғана кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған несиені алып, оны тез арада өтеп тастадым. Өз басым мемлекеттің жеңілдетілген несиесін кәсіпкерлер кедергісіз, аға-көкесіз алуы керек деп есептеймін.

– Саясатқа қатысты тағы бір сұрақ. Сіз сайлауға қатысатыныңызды жария еткенде талай қандастарымыз қуанышын жасырмады. Тәуелсіздік жылдары елімізге шетелден миллионнан астам қандасымыз көшіп келді. «Respublica» партиясында қандастардың мүддесін көздеу мәселесі қарастырылған ба?

– 1991 жылдан бері елімізге көшіп келген қандастардың саны миллионнан асты. Солардың арасынан бір депутат, бір министр болатындай адам кездеспеді дегенге кім сенеді. Сондықтан қандастардың арасынан заң шығарушы органда бір емес, бірнеше депутат болуы керек деп есептеймін. Бұл жайт елге қайтуды жоспарлап жүрген мыңдаған қандасымыздың Қазақстанға оралуына дем беретіні анық.

Соңғы жылдары елімізде Қазақ көші айтарлықтай саябырсып қалды. Осы көштің қайта жандануына мүдделі қандастарымыздың Мәжіліске барып, биік мінбеде мәселе көтеруі керек деп есептеймін.

Қазіргідей қиын кезеңде бір ел тұрмақ, бір ауылдан келесі бір ауылға көшудің өзі мұңға айналғаны жасырын емес. Сыртта жүрген қандастарымызға «елге көшіңдер» деген екі ауыз сөз жеткіліксіз. Бұл істің тігісін жатқызып, жүзеге асыру үшін кешенді жұмыстар атқарылуы керек. Ал қандастардың мәселесін елге келген қандастардың айналысуына мүмкіндік берген жөн. Сол кезде жұмыс алға басатын болады.

Осыған дейін елге келген қандастарымыз жағдайларының жоқтығынан Қазақстанға көшіп келген жоқ. Олар тарихи Отанына келгенде Қазақстанымызды көркейтейік деген ойымен шекараның арғы жағындағы тіршілігін тастап, елге оралды.


Сол қандастарымыз соңғы 30 жылда биліктің шаужайына жармасып, саясатқа араласқан жоқ. Бәрі қоңыртөбел тіршілігін күйттеп, мемлекетке салмақ салмай күнін көрді.

Бүгінде Алматы облысынан бастап, Шығыс Қазақстанға дейінгі ауыл-аймақтарға сырттан келген қандастарымыз қоныстанып, мал шаруашылығын өркендетіп жатыр. Бүгінде олардың кейбірі кәсібін дамыту үшін жайылым жер таппай бірқанша қиындықтармен бетпе-бет келуде. Алдағы уақытта осы мәселелердің бәрін кезек күттірмей шешу керек деп есептеймін.

– Қаңтар оқиғасынан кейін елімізде біраз өзгерістер басталып кеткені белгілі. Қасіретті қаңтар сіздің өміріңізге қалай әсер етті. Бұл жағдай орын алмағанда саясат сахнасына шығар ма едіңіз?

– Сөз жоқ, Қаңтар оқиғасы елімізге үлкен өзгерістер әкелді. Бірақ оның құны өте жоғары болғанын ешқашан ұмытпауымыз керек.

Дәл сол уақытта талай жастың қаны төгіліп, еліміз үлкен қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Алдағы уақытта тарихшылар Қаңтар оқиғасына өз бағасын беретініне сенімдімін.

Ал «Қаңтар оқиғасы орын алмағанда саясат сахнасына шығар ма едіңіз» деген сұраққа жауап берсем. Менің анық білетін дүнием – Қасіретті қаңтар өзім секілді жігіттердің саясатпен айналысуын жеделдетті. Қаңтар бізді ортақ мүддеге біріктіріп, күресуімізге негіз болды. Егер бұл оқиға орын алмағанда біріміз ерте, біріміз кеш саясатпен айналысар едік. Бірақ оның әсері бүгінгідей болмас еді.

– Өткенде Сауда министрі Серік Жұманғарин еліміздегі қымбатшылық үшін әкімдерді кінәлады? Шағын және орта бизнес саласында ұзақ жыл тәжірибе жинаған маман ретінде айтыңызшы, қымбатшылықпен қалай күресуге болады?

– Өз басым министрдің еліміздегі қымбатшылық үшін әкімдерді кінәлағанын  дұрыс деп айта алмаймын. Шетелден өндірілетін халыққа қажетті тауарларды елімізге әкімдер әкеліп жатқан жоқ қой.

Бұл жерде біздің Үкімет ұлттық валютамыздың тұрақтылығын қамтамасыз етуі керек. Сол кезде қымбатшылықты ауыздықтауға болады.

Бұдан басқа, еліміздегі кәсіпкерлерге берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары. Бүгінде жылдық пайыздық мөлшерлемесі 23 пайыз болатын несиемен қымбатшылықпен күресу мүмкін емес.

Содан кейін теміржол саласындағы жемқорлықты түбегейлі жою керек. «Қазақстан темір жолы» компаниясы жемқорлықтың ұйығына белшеден батқан. Мысалы, кәсіпкерлер ішкері Қытайдан тауарды шекарамызға дейін оңай, әрі арзан бағада жеткізеді.


Ал еліміздің шетіне келген тауарды қалаларға жеткізу кезінде жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жолыңды кес-кестей береді. Бұл да қымбатшылықтың бас көтеруіне себепші болатын фактор екенін жасырудың жөні жоқ.

Сондықтан бұл ретте министр Серік Жұманғариннің қымбатшылық үшін әкімдерді жазғырғанша, кеден мен теміржол саласындағы жемқорлыққа көбірек назар аударуы керек деп есептеймін.

Өйткені бізде халықтың күнделікті тұтынатын тауарларының көпшілігі сырт елдерде өндіріледі. Егер біз сол тауарларды өзіміз өндірмесек, сол тауарларды ел ішіне тез жеткізіп, тиімді бағамен таралуына жағдай жасауға тиіспіз. Сол кезде қымбатшылықты ауыздықтауға болады.

– Қазір елімізде кәсіпкерлік саланың қыр-сырын үйрететін «мотиваторлар» көбейіп кетті. Бұдан елімізде тез табысқа кенелгісі келетін жұрттың көп екенін байқауға болады. Бизнесте жетістікке жету үшін не істеу керек. Іс-тәжірибесі мол кәсіпкер ретінде ойыңызды ортаға салсаңыз.

– Сөз жоқ, соңғы кездері елімізде бизнес мотиваторлар көбейіп кетті. Бұдан жұрттың бәрі кәсіпкер болып кеткен жоқ.

Қарапайым халық сол мотиваторлардың алдына барып дәріс тыңдардың алдында, ол адамының бизнесте қандай жетістікке жеткенін саралап алуы керек. Сол кезде көптеген жайттар белгілі болады.

Меніңше, іс турасында айтатын адамнан емес, күнделікті іс істеп, қиындықты еңсеріп жүрген азаматтардың ой-пікіріне құлақ асқан жөн.


Бүгінде көптеген адамдар тез арада табысқа кенеліп, байып кетуді армандайды. Шындығында, табысқа кенелудің астарында үлкен еңбек жатыр.

Сол үшін кәсіпкерлікпен айналысуға аңсары ауған азаматтарға бағытын айқындап сол жолда ерінбей, жалықпай еңбек етуге кеңес беремін. Табысқа жетудің «мотваторлар» айтатындай құпиясы жоқ. Кез келген жетістік үлкен еңбекпен келеді. Соны ұмытпауымыз керек.

Сұхбаттасқан, Назгүл ҒИЗАТҚЫЗЫ

Осы тұста:


https://dalanews.kz/kogam/86803-aqzholdyqtardyng-tarazdagy-kezdesu

https://dalanews.kz/kogam/86781-auyldarda-36-medicinalyq-nysan-ashylady

Қазақстанға Блинкен келе жатыр: Ақорда АҚШ-тың ықпалды шенеунігімен ауыр әңгіме өрбітеді, толығырақ: https://t.me/dalainside/1169

https://dalanews.kz/news/86772-amanat-tyng-saylaualdy-shtaby-shalgaydagy-auy

https://dalanews.kz/sadak/86740-blinken-kele-zhatyr-zhanga-qazaqstan-aqsh

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар