«Қазгидромет» РМК бас директорының орынбасары Серік Саиров Батыс Қазақстан облысына Ресей аумағынан тасқынның екінші кезеңі келе жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Үкімет кулуарында журналистердің сауалына жауап берген ол Ақтөбе мен Қостанай облыстарында тасқынның беті қайта бастағанын айтты. Десе де жақын арада Қостанай облысының орталық, батыс бөлігінде тасқын басталуы мүмкін. Сонымен қатар, батыс Қазақстан облысында екінші кезеңі орын алады.
– Тасқынның кезекті көзі – Ресей аумағынан келетін судың көлемі. Өйткені Ирикла су қоймасынан келетін судың мөлшері көбейіп, оларда суды күрт түсіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Жайыққа Башқұрстаннан Сақмар өзені келіп қосылады... Оралға жақын кезеңде үлкен су келеді деп күтіліп отыр. Жақын кезең дегенде осы аптаның аяғына дейінгі мерзімді айтып тұрмын. Жайық өзені қазірдің өзінде көтеріліп жатыр. Біздің құрылымдық бөлімшелерде дайындық қарқынды жүруде», - дейді Серік Сайыров.
Сайыров «Қазгидромет» өкілдері Ресей мамандарымен күнделікті байланыста екенін, ақпарат тұрақты келіп жатқанын да жеткізді.