Ресейде 50 мыңға жуық пайдаланылған көлік сатылымға шығарылды. Көрші елде жаңа жылдан бастап шарт талаптарын бұзғаны үшін иелерінен тәркіленген, бұрын лизингте болған көліктер 5–40% жеңілдікпен сатылмақ, деп хабарлайды Dalanews.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Дегенмен сарапшылар бұл көліктердің ауқымды көлемде Қазақстанға ағылуы екіталай деп санайды. Айтуларынша, қолданыста болған көліктердің жалпы санының 20 пайызынан аспайтын бөлігі ғана Қазақстанға келуі мүмкін.
"Мысалы, автокөлік базарда 10 млн теңге тұрады делік. Егер олар оны 40% жеңілдікпен ұсынса, әрине, сатып алушы барып, сол көлікті алады. Бірақ ол қосымша ҚҚС төлейді. ҚҚС көлемі де өседі. Мұнда бәрі бағаның қаншалықты қолжетімді болуына байланысты. Бірақ бұл аса тиімді болады деп ойламаймын, өйткені лизинг берушілер көліктерді өздеріне зиян келтіретіндей тым төмен бағамен сатпайды", - дейді "Жалпы жол" жол қауіпсіздігі қауымдастығының президенті Арсен Шакуов.
Сарапшылардың болжамынша, көліктердің негізгі бөлігін ресейлік тұтынушылардың өзі сатып алады. Өйткені Ресей ішінде олар қосымша ҚҚС пен баж салығынсыз айтарлықтай арзанырақ болады.
Сонымен бірге 2026 жылы Ресейдегі таксопарктер отандық құрастырудағы автокөліктерге көшуі тиіс. Бұл нарыққа шамамен 800 мың пайдаланылған шетелдік көліктің шығуына әкелуі мүмкін. Олардың бір бөлігін такси жүргізушілерінің өздері сатып алса, негізгі бөлігі авт дефицитін сезініп отырған Ресейдің ішкі нарығында қалады.
"Бұл көліктерді Ресейдің ішкі нарығы оңай сіңіреді және оған қуанады деп ойлаймын. Себебі таксиде, әдетте, ескі көліктер жүрмейді — екі-үш жыл қолданылған модельдер ғана бар. Бұл Ресей нарығы үшін өте тартымды ұсыныс. Сондықтан олардың неге Қазақстанға ағылуы керек? Бізде көлік тапшылығы жоқ. Керісінше, жаңа зауыттар салынып жатыр", - дейді автосарапшы Алексей Алексеев.
Дегенмен бұл көліктердің аз бөлігі Қазақстан нарығында да пайда болуы мүмкін. Алайда Қазақстанға көлік әкелу әлі де қымбат — утильалым мен кедендік төлемдер бар. Сол себепті сарапшылардың пікірінше, бізге жаппай партиялардан гөрі жекелеген тапсырыстар, сирек үлгілер немесе отандық нарықта жоқ қозғалтқышы бар модельдер жиі жеткізіледі.
