Қазақстан үш жылу электр орталығының (ЖЭО) құрылысын жүргізу үшін ресейлік мердігерлерге балама іздеуде. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілиясов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, қазіргі таңда еліміз басқа да ықтимал серіктестермен келіссөздер жүргізіп жатыр.
“Самұрық-Энерго” тарапынан келіссөздер жүріп жатыр. Сонымен қатар экологиялық талаптар мен заманауи энергия тиімділігі стандарттарына сай келетін энергетикалық нысандарды салуға қабілетті компаниялармен де байланыс орнатылуда. Бұл Қытай мен Корея елдерінің энергетикалық компаниялары болуы мүмкін. Қарастырылып жатқан бірнеше нұсқа бар”, – деді Ілиясов Астанада өткен кездесуде.
Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы үш ЖЭО құрылысына қатысты ресейлік инвесторлардың қаржылай қиындықтарға тап болғанын айтып, олардың орнына жаңа инвестор тарту мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлаған еді.