Қазақстанның "Мәңгілік полк" акциясын өткізуден бас тартуы Ресейде "ашықтан-ашық достықсыз қадам" деп бағаланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ресейлік "Госновости" порталының авторлары Қазақстанда "Мәңгілік полк" шеруінің өтпеуіне бірнеше себеп атайды. Олардың пікірінше, бұл шешім арқылы Қазақстан Украинаға өзінің бейтараптығын көрсеткісі келеді. Сонымен бірге, Астана өзінің дербестігін білдіріп, елдің "кіші бауыр" рөліне көнгісі келмейтінін аңғартып отыр.
Алайда басылым шолушысы басты себеп ретінде Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысты атайды.
"Соңғы жылдары Қазақстан "Бір белдеу — бір жол" мегабағдарламасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды дамыту үшін Пекиннен қомақты несиелер алды. Бұл несиелер жай ғана қаржылық көмек емес еді: олар стратегиялық салаларға қытайлық компаниялардың қолжетімділігін ашу, бірлескен өнеркәсіптік аймақтар құру, қазақ даласы арқылы Еуропаға баратын көлік дәліздерін дамыту міндеттерімен бірге келді.
Нәтижесінде Қазақстан Қытайдың инфрақұрылымдық желісіне қосылып, Ресей емес, Қытайдың үлкен еуразиялық "қауіпсіздік белдеуінің" бір бөлігіне айналды. Қазақстанның Қытай жобаларына интеграциясы тереңдеген сайын Ресейге саяси қадам жасауға мүмкіндік азая түсуде, тіпті ол ортақ тарихи жады секілді символикалық деңгейде болса да", — деп жазады басылым.
Еске салсақ, Қазақстанда "Мәңгілік полк" шеруінің орнына "Батырларға тағзым" атты онлайн-акция ұйымдастыру туралы шешім қабылданған. Арнайы әзірленген порталға ардагерлер туралы кең әрі үнемі жаңартылып отыратын деректер базасы орналастырылған. Бүгінде мұнда 677 000-нан астам ардагердің деректері бар, олардың ішінде 365 Кеңес Одағының Батыры, екі мәрте батыр атағын алған төрт адам және Даңқ орденінің 19 иегері тіркелген.
"Портал интерфейсі қажетті ақпаратты табуға ғана емес, сонымен бірге сайтқа өз туыстары-ардагерлер туралы мәлімет қосуды және соңғы жаңалықтармен танысуды да мүмкін етеді", — деп хабарлады Мәдениет министрлігі.
Бұған дейін "Мәңгілік полк" шеруін өткізуге тыйым салынғанына қарамастан шараға қатысу туралы ұсыныстар түскенін жазған едік.
Телеграм арналарда "Мәңгілік полк" шеруін өткізу туралы ұсыныстар түсе бастаған. Шараға қатысқан адамдарға ақшалай сыйлық қарастырылған.
Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерін ұлықтауға арналған дәстүрлі "Мәңгілік полк" шеруін өткізуге ресми түрде тыйым салынды. Билік өкілдері мұндай шешімді қауіпсіздік шараларымен, қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігімен және халықаралық жағдайдың тұрақсыздығымен түсіндірді.
Шерудің орнына биыл еске алу шараларын онлайн форматта өткізу ұсынылды. Ұйымдастырушылар азаматтарды туыстарының суреттерін әлеуметтік желілерде жариялап, естелік шараларына виртуалды түрде қатысуға шақырып отыр.
Шеруге тыйым салу қоғамда екіұшты пікір тудырды. Бір тарап бұл шешімді тарихи жадыны шектеу деп бағаласа, екіншісі қауіпсіздікті бірінші орынға қойған дұрыс дейді. Әлеуметтік желілер мен форумдарда балама жолдар мен еске алу рәсімдерінің басқа нұсқалары қызу талқылануда.
Айта кетейік, Орталық Азия елдері арасында 2025 жылы мұндай шеру өткізуге тек Қазақстанда ғана тыйым салынған. Өзге елдерде еске алу шаралары түрлі форматта жалғасуда.
Билік өкілдері бұл шешімнің саяси астары жоқ екенін атап өтіп, тыйым тек қауіпсіздік мақсатында енгізілгенін мәлімдеді. Дегенмен, қоғам белсенділері мен еріктілер қолданыстағы шектеулерге сай еске алу шараларын ұйымдастырудың жаңа жолдарын қарастыруда.