Қазақстандық сот-медициналық сараптама қызметкері Тахир Халимназаров ресейлік әріптестерінің Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты шығарған шешіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бірнеше күн бұрын ресейлік сарапшылар қазақстандық маманның тұжырымдамасын жоққа шығарған болатын. Бишімбаевтың адвокаттары сотта Мәскеу қаласындағы "Н.И. Пирогов атындағы Ресей ұлттық зерттеу медициналық университетінің" ресейлік сот-медициналық сарапшыларының қорытындысын баяндап, Нүкенова бас миының ауыр жарақаты салдарынан қайтыс болмағанын жеткізді. Олар Салтанаттың өліміне дейін 3-4 апта бұрын алған ескі гематомадан баста қан кетуі себеп болғанын хабарлаған еді.
Ал Тахир Халимназаров шетелдік әріптестерінің мұндай шешіміне дайын болғанын айтады.
"Бұл жағдайды күткенбіз. Себебі бұл біздің практикада бар. Олардың жазғанына сүйенсек, мұнда қылмыс болмаған болып тұр. Яғни, баста қан кетіп, соның әсерінен қайтыс болды деген қорытындыға келді", - дейді сарапшы Дина Төлепбергенге берген сұқбатында.
Айтуынша, бұл сараптама емес, тек екі маманның – қорытындысы.
"Мен айтып кеттім ғой. Бұл – сараптама емес. Бұл тек екі маманның – көзқарасы. Біріншіден, бұл кісілер ресейлік бір мемлекеттік мекеменің атынан шығып тұрған жоқ. Бұл екі тұлғаның жасаған қорытындысы. Ол туралы ресейлік медициналық университет деп жазып жатыр. Бірақ ол университеттің атынан берген жоқ. Тек өздерінің атынан беріп тұр. Оның бәрін олар тегін жасамайды. Ең басты нәрсе сол болып тұр", - дейді Халимназаров.
Алайда ол ресейлік әріптестерінің бұл жұмысы үшін қанша қаражат алғанын ашып айта алмады.
"Мен оны айта алмаймын. Өйткені бұл жерде біздің сарапшыларға, біздің мамандарға төлеген ақша емес. Мұнда енді көп шығар деп ойлаймын", - деді ол.
Оның сөзінше, өзге елдің сарапшылары жасаған қорытындының басқа мемлекетте көп жағдайда салмағы болмайды.
"Қазақстан мамандарының қортындысы Мәскеудегі сотта немесе Ресейдің басқа қалаларында қаралғанын көрдіңіз бе? Оны ешкім қарамайды. Өйткені олар біледі. Бұл – басқа мемлекет. Мұндай қорытындыны берген мамандардың жауапкершілігі үлкен болуы керек. Ал бұл жерде ол кісілерде жауапкершілік бар деп айта алмаймын. Таныстым деп жазғанымен, сол жауапкершілікті олардан ешкім сұрамайды.
Мен екінші Туманов дегенді көргенмін. Абай облысындағы бір жағдайларға байланысты Қазақсатанға келген еді. Бірақ сол кезде ол кісінің жазғанын ешкім қабылдамады, мән бермеді. Өйткені заңсыздық деп танылды", - деді сарапшы.
Еске салайық, бұған дейін экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты кезекті сот отырысында сот-медицина эксперті Тахир Халимназаров Нүкенованың өліміне себеп болған жарақаттарды манекенде көрсеткен болатын.
Тахир Халимназаровтың сөзінше, бұл жарақаттар Нүкенованың мәйітін сараптау нәтижесінде анықталды.
Яғни, алғашқы сараптаманы жүргізген сарапшылар анықтаған. Бұл жарақаттар сарапшының қорытындысында сипатталған.
Сарапшының айтуынша, мұның бәрі жалпылама бас жарақаты болып саналады. Оған бетіндегі жарақаттар да, бас сүйегіндегі жарақаттар да жатады.
Сот медицинасында бұл жарақаттардың бәрі сыртқы әсердің кесірінен болған зақымдану ретінде қарастырылады.
Тахир Халимназаровтың сөзінше, өлімнің себебін айтқан кезде осы жарақаттардың бәрін қарастыру керек. Олардың әрқайсын бөлек қарастыруға болмайды.
Сарапшы құлаудан алған жарақаттар болмағанын айтады. Ал Бишімбаев Нүкенова қабырғаға соғылып, артынша унитазға құлап түскенін айтқан болатын.
Сонымен қатар, сот-медициналық сарапшы Салтанат Нүкенованың басындағы субдуральды гематоманың мөлшері 230 грамм болған. Бұл өлімге әкеледі.
Тахир Халимназаровтың айтуынша, Бишімбаев оны қолмен ұрды ма, алақанмен ұрды ма - маңызды емес. Себебі бұл жағдайда ұрған адамның салмағы айтарлықтай әсер ететін көрінеді. Салмағы ірі адам алақанымен болса да ауыр жарақаттауы мүмкін.
Бұл жағдайдан кейін Бишімбаевқа қатысты кезекті сот отырысында айыпталушының адвокаттары ресейлік сот-медициналық сарапшыларының Салтанаттың өліміне байланысты шығарған шешімін оқыған болатын.
Алайда судья Айжан Күлбаева Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты мәскеулік мамандар жүргізген сараптама нәтижесін іс материалдарына қосу туралы өтінішті қанағаттандырмады.
Судья қосымша сараптама жасалатыны туралы сотқа, прокурорларға уақтылы хабар берілмегенін және сараптама заңды бұза отырып жасалғанын айтты.
16 сәуірде өткен сот отырысында Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары ресейлік мамандардың сараптама нәтижесін бірнеше сағат бойы оқып шыққан болатын. Сараптамада Салтанат Нүкенованың өліміне ол қайғылы оқиға болардан 3-4 апта бұрын алған жарақаты себеп болғанын айтылған еді. Алайда бұл сараптама қорытындысы алматылық мамандар жасаған сараптама нәтижесіне қайшы болған.
Бишімбаевтың қорғаушылары мәскеулік мамандармен жеке сот медициналық сараптама жасатқан болатын. Алайда олардың бұл бастамасы туралы құзырлы органдар бейхабар болған. Сараптама қорытындысы жалған болып шыққан жағдайда сараптама жасаған мәскеулік мамандарды жауапқа тарту мүмкін емес. Бұл туралы прокурор айтқан болатын. Оның бұл пікірін жәбірленуші тарап та қолдаған еді.