Ресей Қазақстан мен Ресей аумағында бірқатар білім беру жобаларын іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин "Россия 24" телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Дипломаттың айтуынша, гуманитарлық ынтымақтастық аясында Тараз, Қызылорда және Түркістан қалаларында ресейлік мектептер салу көзделген. Ал Ресейдің Омбы, Астрахань және Орынбор қалаларында қазақстандық білім беру ұйымдарының құрылысы басталмақ. Жоба екі ел арасындағы келісімдер негізінде жүзеге асады.
Елші бұл бастамаларды білім саласындағы өзара ықпалдастықты күшейтетін маңызды қадам ретінде бағалап, жоспарланған жұмыстардың қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Алматы маңында дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған ресейлік "Сириус" білім беру орталығының филиалын ашу жоспары бар.
Сұхбат барысында Алексей Бородавкин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге жасаған сапарына да тоқталып, оны екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтатын маңызды оқиға деп атады. Оның сөзінше, қабылданған стратегиялық серіктестік туралы декларация нақты жобалар мен бірлескен бастамаларды қамтитын іс-қимыл жоспарына айналып отыр.
Бұдан бөлек, атом электр станциясын салу мәселесі талқыланып, жақын уақытта тиісті құжаттарға қол қойылып, Ресей тарапынан мемлекеттік несие рәсімдері аяқталатыны айтылды.
