Қырғызстанның "Керемет банкі" Ресей Федерациясының шенеуніктерімен байланысты және санкциядағы "Промсвязьбанкті" қолдады деген айыпқа ұшырады. Онда да соңғысына қатысты ресейлік банктің санкцияны айналып өтуіне қолғабыс етуде трансшекаралық аударымдарды жүргізуге ат салысқаны айтылады. Ал өз кезегінде "Керемет банк" АҚШ-тың өздеріне салған санкциясына қарсы шағым білдірмек ниетте, деп жазады Dalanews.kz.
"Керемет банк АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау кеңсесінің шешіміне қарсы шағым түсіретін болады. Біздің банк әрдайым еліміздің және халықаралық заңнамалар шеңберінде жұмыс істеп, өз міндеттемелерін ашық әрі қалтқысыз орындап келеді" , делінген қаржы ұйымының сайтында.
Банк бүгіндері барлық бөлімшелер қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын нақтылап, аталған жағдай банкке кері әсер етпегенін айтады.
Ал америкалық ведомствоның мәліметінше, 2024 жылдың жазынан бастап "Керемет банк" ресейлік шенеуніктерге және "Промсвязьбанкке" (ПСБ) санкциялардан жалтаруға, атап айтқанда трансшекаралық аударымдарға көмектескен.
ПСБ Украинадағы соғыс басталған кезде-ақ АҚШ Қаржы министрлігінің қара тізіміне енген. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресей билігі қорғаныс өнеркәсібін қаржыландыру және ірі келісімшарттарға қызмет ету үшін аталған банкке ұлттық мәртебе берген еді.
Сондай-ақ 2024 жылы Қырғызстанның Қаржы министрлігі "Керемет банк" акцияларының бақылау пакетін Ресей үкіметімен байланысы бар ресейлік олигархпен тығыз байланысты фирмаға сатқаны айтылады.
"Керемет банкті" сатып алу Ресей үшін импорт ақысын төлеу және экспорттан түсетін ақшаны иеленуде санкциялардан жалтару хабын құруға бағытталған", делінеді америкалық ведомство мәлімдесінде.
Бұған дейін сайтымызда "Ешқай порт қабылдамайды. Ресей мұнайын тиеген танкерлер теңіз бетінде "тентіреп" жүр" деген мақала жарияланған. Онда бүгіндері әлемнің түкпір-түкпірінде теңіз бетінде қалқып, әрекетсіз қалған мұнай тасушы ресейлік танкерлер саны 65-тен асқаны айтылады. Өткен жұмада, 10 қаңтарда АҚШ Ресейдің мұнай секторына қарсы санкциялар салғаннан кейін осындай күрделі мәселелер туындаған.