Ресей «Азия-Авто» автомобиль зауытының экс-топ-менеджерлері Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаевты Қазақстанға қайтаруға келіспей отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Қазтаг агенттігіне сілтеме жасап.
Қазақстан Бас прокуратурасының түсіндіруінше, басқа елде жүрген Ресей азаматтарына қатысты қазақстандық соттардың шығарған үкімдерін Ресей аумағында мойындау және орындау тәртібі 2002 жылғы 7 қазандағы «Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы» конвенциямен реттеледі. Осы келісімге сүйене отырып, Қазақстан тарапы Ресейге Балушкин мен Сағымбаев жөніндегі сот шешімін тану және орындау туралы бірнеше рет өтініш жолдаған. Алайда Ресейдің әділет министрлігі бұл сұрауларды қанағаттандырмаған.
Бас прокуратура мұны Ресейдің аталған конвенцияны ратификациялау кезінде өз азаматтарына қатысты шетел соттары шығарған үкімдерді тану және орындауға міндеттейтін 109-бапты қолданбау туралы арнайы ескертпе қалдыруымен түсіндірді.
Сонымен бірге ведомство Балушкин мен Сағымбаевтың іздеуден алынбағанын мәлімдеді. Сондықтан олар басқа мемлекетте табылып, ұсталған жағдайда, оларды экстрадициялау бағытындағы жұмыстар жалғасады. Сондай-ақ олардың Ресей азаматтығын қабылдауына байланысты Қазақстан азаматтығынан айырылғаны хабарланды. Үкімде көрсетілген мүліктік өндіріп алуларды орындау мәселесі бойынша Қазақстанның әділет министрлігіне жүгінуге кеңес берілді.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы сәуірде Қазақстан соты аса ірі көлемдегі алаяқтық пен салық төлеуден жалтару ісі бойынша Анатолий Балушкинді сырттай 9 жылға, ал Ерік Сағымбаевты 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған болатын.
