Ресейдің алтын қоры соңғы алты жылдағы ең төмен деңгейге түсті

Ресейдің алтын қоры соңғы алты жылдағы ең төмен деңгейге түсті
ЖИ: Dalanews.kz

Ресейдің алтын қоры соңғы алты жылдағы ең төмен көрсеткішке дейін азайды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ресей Орталық банкінің мәліметінше, 1 тамыздағы жағдай бойынша елдің алтын резерві 73,2 миллион унцияны құраған. Бұл – 2020 жылдың қаңтарынан бергі ең төмен деңгей. Жыл басынан бері Ресейдің алтын қоры 1,6 миллион унцияға қысқарған. Сонымен қатар резервтердің ақшалай құны 33,7 млрд долларға төмендеген.

Сарапшылардың айтуынша, қордың азаюына алтын мен шетел валютасын сату әсер еткен. Мұндай операциялар мемлекеттік бюджетті қолдау және қаржы нарығындағы тұрақтылықты сақтау мақсатында жүргізілген. Ресей билігі бұл тетіктер рубль бағамына және қаржы жүйесіне түсетін қысымды азайтуға бағытталғанын атап отыр.

Bloomberg дерегінше, алтын қорының қысқаруы Ресейдің халықаралық резервтер құрылымындағы өзгерістермен және бюджет шығындарын қаржыландыру қажеттілігімен байланысты.