Ресейдің Алтай Республикасында болған жол апатынан қаза тапқан екі Қазақстан азаматы ерлі-зайыпты болып шықты. Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары жеке көлікпен Моңғолияға бара жатқан, деп хабарлайды dalanews.kz.
Muztaumedia.kz жазуынша, қарсы бағытқа шығып кеткен көлікті 31 жастағы жергілікті әйел басқарған. Ол рульге мас күйінде отырған және жүргізуші куәлігі болмаған.
Қазақстандықтар Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Мамай батыр ауылынан Баян-Өлгей аймағына жолға шыққан. Көліктегі жолаушылардың барлығы бір-біріне туыс болған.
Апат салдарынан 41 жастағы Хабыз Рахымбай мен оның 44 жастағы жұбайы Құралай Құсайынқызы оқиға орнында қаза тапқан. Олардың артында алты баласы қалды.
"Қайтыс болғандар ерлі-зайыпты еді. Әйелі алдыңғы орындықта отырған. Көліктегі адамдардың барлығы туысқандар. Олармен жолға шығар алдында кездесіп, дәмдес болған едім", – деді марқұмдардың танысы Жарқынбек Ахметсакиұлы.
Көлікте болған өзге жолаушылар да түрлі дене жарақатын алған.
Қайғылы жол апаты 27 шілде күні шамамен сағат 20:30-да Алтай Республикасының Ұлаған ауданындағы Ақташ ауылының маңында болған.