Ресейде Wildberries кәсіпкерлеріне салық жеңілдігі берілмек

Ресейде Wildberries кәсіпкерлеріне салық жеңілдігі берілмек
Фотл: ЖИ

Ресейдің Қаржы министрлігі дрон шабуылынан зардап шеккен Wildberries кәсіпкерлеріне қолдау көрсетуді ұсынды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұсынысқа сәйкес, шығыны жылдық табысының 5 пайызынан асқан кәсіпкерлер кейбір салықтар мен сақтандыру жарналарын бір жылдан кейін төлей алады. Бұл жеңілдік заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге беріледі.

Атап айтқанда, 2026 жылғы тамыздан 2027 жылғы шілдеге дейін төленуге тиіс қосылған құн салығы, табыс салығы, жеңілдетілген салық жүйесі бойынша төлемдер мен сақтандыру жарналары 12 айға кейінге шегеріледі. Осы мерзім аяқталған соң кәсіпкерлер жиналған қарызын тағы бір жыл бойы тең бөліктермен өтей алады.

Wildberries компаниясына да салықтық жеңілдік қарастырылып отыр. Компанияның 2026 жылғы шілдеден 2027 жылғы маусымға дейінгі салықтары мен сақтандыру жарналарын төлеу мерзімі 2027 жылғы 28 шілдеге дейін ұзартылмақ. Кейін бұл берешекті бір жыл ішінде бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі.

Сондай-ақ 2026 жылдың соңына дейін зардап шеккен кәсіпкерлер мен Wildberries-тің бас компаниясы саналатын "РВБ" тобына салықтық тексеру жүргізілмейді. Берешекті өндіріп алуға қатысты мерзімдер де алты айға ұзартылады.

Ресейдің қаржы министрі Антон Силуанов бұл шаралар кәсіпкерлерге түсетін қаржылық және әкімшілік жүктемені азайтып, жұмысын қайта қалпына келтіруге көмектесетінін айтты.

Wildberries негізін қалаушы Татьяна Ким салықты кейін төлеу мүмкіндігі компания мен кәсіпкерлер үшін маңызды қолдау болатынын атап өтті.

"Салық төлеу мерзімін кейінге шегеру тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасын сақтауға және кәсіпкерлердің жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ платформалық экономиканың жаңа жағдайларға жылдам бейімделуіне көмектеседі", - деді ол.