Ресей билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) Иркутск қаласында оба ауруының бірде-бір жағдайы анықталмағанын хабарлады. Марқұммен байланыста болған адамдардың көпшілігі карантиннен шығарылып, үйлеріне қайтарылған. Ұйым әзірге инфекцияның таралу белгілерін байқамаған және Ресейдегі эпидемиологиялық тәуекел деңгейін төмен деп бағалап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. 6 қазанда Женевада өткен брифингте ДДСҰ өкілі Кристиан Линдмайер Ресей тарапынан берілген ресми ақпаратты жария етті.
«Ресей Федерациясының Иркутск қаласында бұл қауіпті аурудың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ», – делінген хабарламада.
Оның айтуынша, қайтыс болған әйелмен байланыста болған адамдардың барлығы анықталып, дәрігерлердің бақылауына алынған. Қазіргі уақытта олардың ешқайсысынан ауру белгілері байқалмаған. ДДСҰ бағалауынша, Иркутск қаласындағы эпидемиологиялық қауіп деңгейі – «орташадан төменге дейін», Ресейдің басқа өңірлері үшін – «төмен», ал Еуропа аумағы үшін – «өте төмен».
Роспотребнадзор не дейді?
Ресейдің санитарлық қызметі – Роспотребнадзор да соңғы он күн ішінде обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері арасында жұқпалы ауру жағдайлары тіркелмегенін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, қайтыс болған әйелдің ағзасына жүргізілген қосымша зерттеулер оның кәсіби қызметіне байланысты қауіпті микроорганизмдердің болмағанын көрсеткен.
Марқұммен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынып, күн сайын зертханалық тексеруден өткен. Зерттеу нәтижесінде екі адамнан COVID-19, тағы екі адамнан риновирустық инфекция анықталған. Роспотребнадзордың мәліметінше, басқа жұқпалы аурулардың қоздырғыштары табылған жоқ.