Ресей мен Қазақстан арасындағы "Сырым – Маштаково" шекара бекетінде жүздеген жүк көлігі екі тәуліктен бері өте алмай тұр. Жүргізушілердің айтуынша, Ресей аумағындағы кептелістің ұзындығы шамамен 18 шақырымға жеткен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Halyqstan редакциясына жолданған видеода жүк көлігінің жүргізушісі Александр Ресей тарапы көліктерді өткізуге дайын екенін айтқан. Алайда Қазақстанға өтетін бағытта көліктердің шамадан тыс жиналып қалуына байланысты қозғалыс баяулаған. Соның салдарынан жүк көліктері бірнеше тәулік бойы орнынан жылжи алмай тұр.
“Кезектің басында тұрған жүргізушілердің айтуынша, Қазақстан жағы не өте баяу жұмыс істеп жатыр, не мүлде қабылдамай отыр. Нақты себебін білмейміз. Мамандар жетіспей ме, техника аз ба – белгісіз. Бірақ екі тәуліктен бері бір метр де жылжыған жоқпыз”, – дейді ол.
Ұзақ кезекте тұрған жүргізушілерге жол бойында қажетті жағдайдың болмауы қосымша қиындық туғызып отыр. Мұнда тамақтану орындары қарастырылмаған, ауызсу табу да қиын. Сондай-ақ дәретхана мен жуыну орындары жоқ.
Бұған қоса өңірде күн ыстық. Ашық аспан астында тұрған жүргізушілер ұзақ күтуге мәжбүр. Олардың арасында жеміс-жидек пен көкөніс секілді тез бұзылатын өнімдерді тасымалдап келе жатқандар да бар. Ұзақ кідіріс салдарынан жүктің бүліну қаупі күшейіп отыр.
Осыған байланысты жүргізушілер мәселені назарға алып, шекарадағы жағдайды реттеуді сұрады.