Ресей экономикасын сынаған ВЭБ бас экономисі қызметінен кетті

Ресей экономикасын сынаған ВЭБ бас экономисі қызметінен кетті
topnews.ru

Ресейдің мемлекеттік ВЭБ.РФ даму корпорациясы бас экономист Андрей Клепачты қызметінен босатты. Бұл оның Ресей экономикасының жағдайы мен Украинадағы соғыстың елге түсіріп отырған шығыны туралы сыни пікірлерінен кейін болған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Клепач ВЭБ.РФ-те 2014 жылдан бері бас экономист қызметін атқарған. Оның қызметтен кеткенін ВЭБ.РФ өкілі растаған, алайда жұмыстан босатылу себебін түсіндірмеген. Клепачтың өзі де қызметінен кеткенін растады.

Бұған дейін экономист мамыр айында Мәскеу биржасының Никитский клубында өткен кездесуде Ресейдің экономикалық және технологиялық тұрғыда АҚШ пен Қытайдан, ал кейбір бағыттар бойынша Украинадан да артта қалып жатқанын айтқан.

Клепач Ресей ұзаққа созылатын экономикалық «тозу соғысында» жеңіске жете алмайтынын болжап, елде әлеуметтік дағдарыс қаупі бар екенін ескерткен. Оның пікірінше, Украина экономикасының жақын арада күйрейді деген болжамдар негізсіз, ал соғыс шығындарының өсуі Ресейге түсетін қысымды күшейтіп отыр.

Экономист сондай-ақ Ресей экономикасының санкцияларға белгілі бір деңгейде төтеп бергенін мойындағанымен, мемлекеттік басқарудағы қателіктер мен тиімсіз шешімдер тұрақсыздықты күшейтуі мүмкін екенін айтқан.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Клепачтың жұмыстан босатылуына оның осы сыни пікірлері себеп болғанын жағдайдан хабардар екі дереккөз растаған. Алайда ВЭБ.РФ бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ. 

Клепач Ресейдің экономикалық даму министрінің орынбасары қызметін де атқарған. ВЭБ.РФ оның орнына жаңа бас экономист кандидатурасы таңдалғанын хабарлады.