Рефрендум сайлау процесінің әділдігін қамтамасыз етті

Жарбол Кентұлы 25 қыр. 2024 23:25 4192

Әділетті Қазақстан құру еліміздің сайлау сайлау жүйесіне де өзінің жаңалығын ала келді. 2022 жылы өткен жалпы халықтық рефрендумда Конституция мен Сайлау туралы заңнамаға іргелі өзгерістер енгізіліп, еліміздің сайлау жүйесі заман талабына сай жаңарған болатын. Жаңа өзгерістер елдегі демократиялық процестерді өрістетіп, азаматтарға өз таңдауын жасауға мүмкіндік бергені белгілі.

 

Сайлау жүйесі қалай жаңғырды?

Қазақстанда сайлауды ұйымдастыру және өткізу жұмыстарын Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) жүргізеді. ОСК сайлау үдерісінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге жауапты орган. Сайлау үдерісін бақылауға, сонымен қатар халықаралық бақылаушылардың қатысуына рұқсат берілетінін де айта кетуіміз керек. Бұл шаралар Қазақстандағы сайлау жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сайлау науқандарының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда сайлауға дайындық пен өткізу шаралары қатаң бақылауға алынады. Сайлау кезеңінде үгіт-насихат жұмыстары арнайы ережелермен реттеліп, дауыс беру күні барлық үгіт жұмыстарына тыйым салынады.

Осы ретте елімізде өтетін сайлау науқаны кезіндегі үгіт-насихат жұмыстарының қалай жүретіні аз-кем тоқтала кетуіді жөн санап отырмыз. Сайлау кезеңіндегі үгіт-насихат жұмыстары заңмен қатаң реттеліп, түрлі кезеңдерден тұрады. Айталық, сайлауалды үгіт-насихат науқаны ресми түрде кандидаттардың тіркелу кезеңі аяқталғаннан кейін басталып, сайлауға бір күн қалғанда, яғни «тыныштық күні» тоқтатылады. Бұл ережелер сайлау процесінің әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды талап.

Үгіт жұмыстары ресми түрде тіркеу кезеңінен кейін басталып, дауыс беру күні алдындағы күнге дейін жалғасады. Үгіт-насихат жұмыстарын заңда белгіленген мерзімнен тыс жүргізуге тыйым салынады. Осы ретте үгіт-насихат кезеңінде барлық партиялар мен кандидаттарға тең мүмкіндік берілуі шарт. Жарияланатын ақпараттар Орталық сайлау комиссиясының бақылауында болады, ал сайлау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін бақылаушылар мен БАҚ өкілдеріне рұқсат беріледі. Үгіт-насихат жұмыстарына жұмсалатын шығындар қатаң бақыланады. Кандидаттар мен партиялар қаржылық есептерді ОСК-ге тапсырып, барлық қаржы көздері мен шығындар есепке алынуы тиіс.

 

Партиялар сайлау кезінде ресурстарды тиімдірек пайдаланантын болды

2022 жылғы референдум кезінде Қазақстанның Сайлау заңнамасында бірқатар маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Бұл реформалар саяси жүйені демократияландыруға және сайлау процесін барынша ашық әрі әділ етуге бағытталғаны анық. Негізгі өзгеріс ретінде Президент өкілеттілігі бір кезеңмен шектелгенін айтуға болады. Мұндай іс-тәжірибе ТМД елдері арасында кездеспеген маңызды қадам десек болады. Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша Президенттің жақын туыстарына саяси лауазымдарды иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызметтер атқаруға тыйым салынды. Бұл өзгеріс саяси әулеттенуді болдырмау мақсатында жасалғанын білеміз.

Сонымен қатар 2022 жылғы өзгерістер мажоритарлық жүйені енгізу арқылы Мәжіліс сайлауын аралас жүйеге өзгертуді көздеді. Депутаттардың бір бөлігі партиялық тізім бойынша, ал екінші бөлігі мажоритарлық округтерден тікелей сайлануға мүмкіндік алды. Бұл реформалар жергілікті мүдделердің де ескерілуіне ықпал еткені сөзсіз.

Маңызды саяси реформалар аясында саяси партияларды тіркеу үшін қажетті мүшелер саны 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайтылуы өте орынды шешім болды десек болады. Сонымен қатар, өңірлік өкілдіктер саны 600-ден 200-ге дейін қысқарды. Бұл өзгерістер жаңа партиялардың құрылуына жол ашып, саяси қатысуды кеңейтуге мүмкіндік берді.

Осылайша 2022 жылы өткен референдум саяси партиялардың жандануына айтарлықтай серпіліс әкелді. Бұл өзгерістер саяси партиялардың жаңа қатысушыларға ашық болуына және саяси қатысудың артуына мүмкіндік жасағаны сөзсіз. Әсіресе, бұл жаңа идеялар мен өзгерістерді қолдайтын жас ұрпақ өкілдері үшін маңызды болды. Партия құрудың оңтайлануы саяси кеңістікте жаңа ойыншылардың пайда болуына және әртүрлі саяси көзқарастардың кеңінен талқылануына септігін тигізді.  

Партиялар өздерінің насихат жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ғана емес, әлеуметтік медиа және онлайн платформалар арқылы да кеңейте алды. Бұл әсіресе, жастар мен қалалық тұрғындар үшін өте тиімді. Себебі, олар жаңа партиялардың идеяларын кеңінен таратып, көпшіліктің қолдауына ие болуға ықпал етті. Сонымен қатар, партияларға сайлауға қатысуға қажетті ресурстарды тиімдірек пайдалану мүмкіндігі берілді.

2022 жылғы референдумнан кейінгі бұл өзгерістер саяси мәдениеттің жаңаруына, халықтың саясатқа белсенді қатысуына және демократиялық процестердің нығаюына жол ашты. Осылайша, саяси партиялар үшін жаңа перспективалар ашылып, олардың жұмысы заманауи талаптарға сай жандана түсті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар