Құрылтай сайлауы ел бюджетіне қанша салмақ түсіреді?

Құрылтай сайлауы ел бюджетіне қанша салмақ түсіреді?
Dala News

Қазақстанда Құрылтай сайлауын өткізуге кететін шығын жаңа Конституция бойынша өткен референдумнан да қымбат болуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісов парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты.

Оның сөзінше, қазіргі таңда нақты соманы айту мүмкін емес, себебі бәрі сайлау күнінің қашан белгіленетініне байланысты болады.

«Қымбат болады деп ойлаймыз. Бірақ қазір нақты цифр айту қиын. Барлығы Құрылтай сайлауының қашан өтетініне байланысты», - деді Өтемісов.

ОСК өкілі нақты дата бекітілгеннен кейін ғана толық есеп жүргізілетінін айтты. Оның ішінде сайлау комиссиясы мүшелерінің еңбекақысы да есептеледі.

Өтемісовтің айтуынша, сайлау өткізу кезіндегі ең үлкен шығындардың бірі дәл осы комиссия мүшелерінің жалақысына кетеді. Сондықтан әзірге нақты бюджет көлемі жарияланбай отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы жаңа Конституция бойынша өткен республикалық референдумға 20,65 млрд теңге жұмсалған еді.