Референдум? Қазақстан Украина аумағындағы квазиқұрылымдарды мойындамайды – СІМ

Dalanews 26 қыр. 2022 05:39 930

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі ЛХР, ДХР, Запорожье мен Херсон облыстарындағы референдумдарға қатысты түсініктеме берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оған сәйкес, ЛХР мен ДХР деп өзін-өзі жариялаған мемлекеттердің және Запорожье мен Херсон облыстарының әскери әкімшіліктерінің Ресейге қосылу туралы референдумдар өткізуіне қатысты мәселеде Қазақстан мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, олардың егемендік теңдігі және бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын негізге алады.

"Президентіміз бірнеше рет, оның ішінде БҰҰ мінберінен жақында ғана сөйлеген сөзінде осы дүниежүзілік әмбебап ұйымның Жарғысына негізделген халықаралық құқық қағидатын бұлжытпай сақтаудың маңыздылығы туралы мәлімдеді. Жарғыда БҰҰ-ға мүше елдердің бейбітшілік пен мемлекеттердің аумақтық тұтастығын сақтау жауапкершілігі туралы айтылады", – делінген түсініктемеде.


Қазақстан саяси диалог орнату үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенімізді тағы да растайды. Бұл ретте Қазақстан тұрақтылықты өңірлік әрі жаһандық деңгейде сақтауды аса маңызды міндет санайды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар