Расул Жұмалы: «Әкім сайлауы мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландырады»

Dalanews 25 шіл. 2021 06:56 692

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Расул Жұмалы Қазақстан қоғамы ертең бастау алатын ауыл, кент, аудандық деңгейдегі қала мен ауылдық округ әкімдерінің сайлауына жылдар бойы дайындалғанын айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Менің ойымша, бұл сайлауды еліміздегі саяси үрдістердің, дәстүрлердің дамуы тұрғысынан оң бағыттағы қадам деп айтуға болады. Президенттің өзі Ұлттық кеңесте осы мәселені көтерген болатын. Бұл мәселе өзі тоқсаныншы жылдардың аяғынан бері айтылып келе жатыр. Тәжірибе ретінде елдің түкпір-түкпірінде жекелеген ауылдарда әкім сайлауы өткен де болатын. Сол тәжірибелердің бәрі биылғы сайлауға дайындық кезінде, заңнаманы жетілдіру барысында ескерілгенін көріп отырмыз. Біз әкім сайлауы дегенде көбінесе сайлау туралы заңнаманың жетілгені туралы ғана айтып кеттік. Сайлаудан кейін не болады деген мәселе бар. Бір қуанарлық жайт, елдің заңнамасы сайлаудан кейін туындауы мүмкін мәселелердің көбін реттеуге қауқарлы, – дейді саясаттанушы.

Сарапшының пікірінше, «халық әкімін өзі сайлап алсын» деген өте бір қарапайым шаруа сияқты көрінгенімен, астарында талай мәселе жатыр.

– Бұл оңай шаруа емес. Мұның астарында елдің тұтастығына, халықтың бірлігіне, мемлекеттік басқару жүйесінің оңтайлылығына әсер ететін сәттер бар. Біздің елде өзін-өзі басқару жүйесі ауыл, аудан, облыс және республика деңгейі дейтін төрт сатыдан тұрады. Бұл сатылардың арасында үйлестіруді қажет ететін түрлі мәселелер бар. Бұған дейінгі жүйе бойынша жұмыс вертикалды бағытта шешілетін.

Яғни, бүкіл шаруа жоғарыдан түскен тапсырма бойынша атқарылатын. Ал ауыл әкімдерін халық сайлап, ондағы халыққа өзін-өзі басқарудың құқығын беріп отырғандықтан, бұрынғы вертикалды жүйе сәл өзгереді. Сол үшін бюджеттің ауылдық деңгейі жасалды. Ауыл әкімінің қолында билік пен халықтың қолдауы болса да, қаражат болмаса көп шаруа тындыра алмайды. Біздің заңнамада ол жағы да ескерілген, – дейді Ұлттық кеңес мүшесі. Сондай-ақ, ол жергілікті өзін-өзі басқару ісіндегі өзге елдердің тәжірибесіне тоқталды.

– Өзін-өзі басқару жүйесін демократияландыру ісінде халықаралық ауқымда жағымды тәжірибе де, сәтсіз тәжірибе де жетерлік, Еуропадағы жүйені озық үлгі ретінде көрсетуге болады. Өйткені бұларда жылдар бойы өзін-өзі басқарудың дәстүрі қалыптасып, табиғи түрде қалыптасты.

Ал тәуелсіздігін бізбен бірге алған кейбір көрші елдерде бұл жүйенің сәтсіз тәжірибелері болды. Сол кезде орталық билікті әлсіретіп алған елдердің кейбірі әлі күнге дейін бір жүйеге түсе алмай отыр.

Кейбірі тек 2000 жылдардан кейін ғана орталық билікті қалпына келтіре алды. Бұған дейін әкім сайлауына дайын емеспіз дегенде осы тәжірибелердің бәрі сарапталып, таразыланып, туындауы мүмкін тәуекелдер реттелді деп ойлаймын.

Алайда одан әрі «дайын емеспіз» деп отыра беруге болмайтын еді. Олай шегіншектей берсек, осы қалпымызбен 2030 жылға да жететін едік. Сондықтан, бүгінгі қолға алынған жұмыстар дер кезінде іске асты деп ойлаймын. 100 пайыз мінсіз деуге болмайтын шығар, бірақ жан-жақты дайындықпен кірісіп отырмыз, – деді Расул Жұмалы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар