Рамазан айында елімізде алғашқы исламдық инвестициялық пай қоры өз жұмысын бастады

Кәмшат Тілеухан 27 нау. 2025 17:04 610

Бүгін, 27 наурызда KASE-де исламдық қаржыландыру қағидаттары бойынша құрылған еліміздегі алғашқы Wardat al Hayat интервалдық инвестициялық пай қорының пайлар саудасы басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Осылайша Рамазан айында елімізде шариғат нормаларын ұстанатын инвесторлар инвестициялаудың жаңа құралына ие болды.

"Қор ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде (ISIN kzpf00000900) тіркелген және Alhamd Shariah Advisory Services компаниясының шариғат сәйкестігі сертификатына ие", делінген KASE-дегі хабарламада.

Wardat al Hayat Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азияның жетекші эмитенттерінің сукук, яғни исламдық бағалы қағаздарына инвестиция салады. Күтілетін кірістілік - АҚШ долларымен есептегенде жылына шамамен 4%-ды құрайды.

Қордың инвесторлары жеке және заңды тұлғалар бола алады. Пайдың номиналды құны - 100 АҚШ доллары. Сонымен қатар, қор ережелеріне сай, табыстың 1%-ы садақа төлемін қамтиды, яғни ол қайырымдылыққа жұмсалатын болады.

Бұл жоба - жаңа қаржы құралы ғана емес, мыңдаған инвесторлардың өз құндылықтарына сәйкес инвестициялау мүмкіндігі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар