Қытай билігі «Дельфин» тайфунының жақындауына байланысты дауыл қаупінің ең жоғары – қызыл деңгейін жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Табиғи апат қаупіне байланысты Шанхай қаласында 1300-ден астам әуе рейсі тоқтатылды. Сондай-ақ Ханчжоу әуежайында тағы 300-ге жуық рейс кейінге шегерілген.
Бұдан бөлек, Янцзы өзенінің атырауындағы паром қатынасы уақытша тоқтатылып, бірқатар пойыз бағыттарының қозғалысы шектелді.
Синоптиктердің болжамынша, тайфун Қытай жағалауына дүйсенбі күні таңертең жетеді. Жексенбі мен сәрсенбі аралығында Шанхай, Чжэцзян, Фуцзянь, Цзянсу және басқа да өңірлерде нөсер жаңбыр жауып, ауа райы күрт нашарлауы мүмкін.
Жергілікті билік тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға және қажет болмаса алыс жолға шықпауға шақырды.