Қытай әлемдегі ең ірі термоядролық магниттің құрылысын аяқтады

Қытай әлемдегі ең ірі термоядролық магниттің құрылысын аяқтады
видео кадры

Қытай ғалымдары «жасанды Күн» жасау жолындағы маңызды кезеңнен өтіп, термоядролық реакторға арналған екі негізгі аса өткізгіш магнитті әзірлеуді аяқтады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Олардың бірі – ұзындығы 21 метр, салмағы 582 тонна болатын әлемдегі ең ірі тороидтық магнит. Құрылғылар сынақтан сәтті өтіп, болашақтағы тәжірибелік термоядролық қондырғыда қолдануға толық дайын деп танылды.

Әзірлеушілердің мәліметінше, магниттер толықтай Қытайдың технологиялық базасында жасалған. Жоба аясында аса өткізгіш материалдардан бастап, күрделі өндірістік процестерге дейін ұлттық технологиялар пайдаланылған.

Бұл магниттердің негізгі міндеті – температурасы 100 миллион градустан асатын плазманы тұрақты ұстап тұру және термоядролық синтез реакциясын іске қосуға мүмкіндік беру.

Мамандардың айтуынша, магниттердің сәтті әзірленуі жоба аясындағы ең күрделі инженерлік міндеттердің шамамен 80 пайызын орындауға жол ашты.

Ендігі кезеңде реакторды құрастыру жұмыстары жүргізіліп, ұзақ мерзімді сынақтар басталады. Қытай тәжірибелік термоядролық реактордың құрылысын 2027 жылға қарай аяқтауды жоспарлап отыр. Ал термоядролық энергия өндірудің алғашқы демонстрациялық сынақтары шамамен 2030 жылға жоспарланған.