«Қыркүйек» пе, әлде «қыргүйек» пе? Ғылым министрлігі дауға нүкте қойды

«Қыркүйек» пе, әлде «қыргүйек» пе? Ғылым министрлігі дауға нүкте қойды
ЖИ: Dalanews.kz

Жаңа оқу жылы басталысымен әлеуметтік желілерде қыркүйек айының қазақша атауын қалай дұрыс жазу керек деген мәселе қайта қызу талқылана бастады. Пікірталас «қыркүйек» пен «қыргүйек» нұсқаларының төңірегінде өрбіді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Соңғы күндері желіде қыркүйек сөзінің жазылуына қатысты ондаған жазба жарияланды. Бұған мектеп дәптерлері мен оқулықтарындағы бұрыннан қолданылып келген «қыркүйек» нұсқасының орнына «қыргүйек» сөзінің жазылуы себеп болған.

Айта кетейік, бұл мәселе алғаш рет 2018 жылы талқыға түскен. Кейін 2021 және 2024 жылдары да қайта көтеріліп, ата-аналар мектеп материалдарындағы сөздің жазылуына назар аударған болатын.

Бір қызығы, кейбір мұғалімдер оқушылардың жазған «қыркүйек» сөзіндегі «к» әрпін «г»-ге түзетіп жатқанымен, мемлекеттік органдардың өздері ресми құжаттар мен хабарламаларда көбіне «қыркүйек» нұсқасын қолданады.

Мәселен, Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің ресми хабарламаларында «қыркүйек» сөзі жиі кездеседі. Сондай-ақ ведомстволардың Telegram-арналарында «қыргүйек» сөзі қолданылған жарияланымдар байқалмайды.

Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті ресми түсініктеме берді. Комитеттің мәліметінше, орфографиялық сөздікке сәйкес дұрыс нұсқа – «қыргүйек». Тіл саясаты комитеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген 2013 жылғы орфографиялық сөздікке сілтеме жасап, қыркүйек айының атауы қазақ тілінде «қыргүйек» деп жазылатынын хабарлады.

Алайда комитет бұл сөздің жазылу нормасы әр кезеңде өзгерген-өзгермегенін және аталған мәселеге қатысты тіл мамандары арасында пікір қайшылығы бар-жоғын нақтыламады.