Қырғызстан Қазақстаннан бензин сұрады: Энергетика министрлігі не дейді?

Қырғызстан Қазақстаннан бензин сұрады: Энергетика министрлігі не дейді?
ашық дереккөз.

Қырғызстан Қазақстаннан бензин жеткізу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Алайда түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, Қырғызстан тарапынан ресми өтініш Энергетика министрлігіне келіп түскен.

«Қырғызстан тарапынан ресми сұраныс түсті. Қазір оны қарап жатырмыз. Барлық шешім ұлттық мүдде мен ішкі нарықтағы теңгерімді ескере отырып қабылданады», – деді вице-министр.

Министрлік ең алдымен Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз ету басымдық болып қала беретінін атап өтті. Сондықтан жанармай экспорты туралы шешім елдегі қор жеткілікті болған жағдайда ғана қабылданады.

Сонымен қатар журналистер Ресей мен Қырғызстанда бензин тапшылығы байқалып отырғанын, ал Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеуде тұрғанын еске салып, мұндай жағдайда Қазақстанда жанармай қымбаттап кетпей ме деген сұрақ қойды.

Қайырхан Тұтқышбаев мұндай қауіп жоқ екенін айтты.

«Қырғызстанның сұранысын қанағаттандыру ел ішіндегі бензин бағасының өсуіне әкелмейді. Мұны ресми түрде мәлімдеймін», – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Ресейден Қазақстанға жанармай жеткізу туралы ресми өтініш түспеген. Егер ондай сұраныс келсе, ол да ұлттық мүдде мен өзара тиімділік қағидаттары негізінде жеке қаралады.

Сонымен бірге Энергетика министрлігі Қазақстаннан нақты қанша көлемде бензин сыртқа шығарылғаны жөнінде статистика жүргізбейтінін хабарлады.

«Біз қанша өндірілетінін және қанша тұтынылатынын білеміз. Ал сыртқа шығарылған көлем бойынша деректер басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жатады», – деді Қайырхан Тұтқышбаев.

Еске салайық, бұған дейін Қырғызстанның Энергетика министрлігі әлемдік нарықтағы жағдайға байланысты Қазақстан мен бірқатар елдерден бензин жеткізу мүмкіндігін қарастыруды сұрап ресми өтініш жолдаған болатын.