Freedom Inside '26

“Қымызмұрындық – 2026” фестивалі: Қарқарадағы дүбірлі той қалай өтті?

“Қымызмұрындық – 2026” фестивалі: Қарқарадағы дүбірлі той қалай өтті?
Фото: Алматы облысы әкімдігі

Алматы облысы Кеген ауданы Қарқара жайлауында көрнекті би Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналған дәстүрлі “Қымызмұрындық - 2026” фестивалі өтті. Бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылған думанды той биыл да мыңдаған адамның басын қосты. Фестиваль аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, этноауылдар бой көтерді. Қонақтар қымыздан дәм татып, түрлі көрме мен концерттік бағдарламаны тамашалады. Осылайша қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениеті кеңінен насихатталды. Сонымен қатар шара барысында өңір туризмін дамыту, қымыз өндірісін өркендету және Қымызмұрындықты туристерді тартатын ірі жобаға айналдыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қымызмұрындық бүгінде қазақтың байырғы дәстүрін дәріптейтін айтулы мәдени шаралардың біріне айналды. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, кейінгі үш жылда фестивальдің ауқымы айтарлықтай кеңейген. Ендігі мақсат – оны өңірдің туристік брендіне айналдыру.

“Бұл – ұлттық дәстүрімізді дәріптеп қана қоймай, өңірді танытатын үлкен шара. Биыл фестиваль кең көлемде насихатталды. Соның нәтижесінде республикалық деңгейдегі спорттық жарыстар ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен қатысушылар келді. Сонымен қатар шетелдік қонақтар мен инвесторлар да арнайы шақырылды”, – деді облыс әкімі.


Оның айтуынша, әлемде мұндай этнофестивальдер туризмнің маңызды бөлігіне айналған. Сондықтан алдағы уақытта Қымызмұрындықты да коммерциялық бағытта дамыту көзделіп отыр.

Бұл билет сатумен ғана шектелмейді. Негізгі мақсат – туристердің өңірде ұзақ уақыт аялдауына жағдай жасап, жергілікті халықтың табысын арттыру.

“Қазір мереке негізінен меценаттар мен демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылып келеді. Болашақта ол әрі үлкен шоуға, әрі өңірдің туристік бренді мен жарнамасына айналуы керек”, - деп қосты ол. 


Әкім былтыр тек Көлсай көлдерінің өзіне 600 мыңнан астам турист келгенін атап өтті.

“Егер әр турист орта есеппен 10 мың теңге жұмсаса, жергілікті халыққа шамамен 6 миллиард теңге табыс түседі. Сондықтан мұндай фестивальдердің экономикалық тиімділігі өте жоғары”, – деді ол.

Сондай-ақ облыс әкімі Қытайдағы Іле Қазақ автономиялық облысының тәжірибесін мысалға келтірді. Онда ірі этнофестивальдердің билеттері бір жыл бұрын сатылымға шығарылады.

“Біз де болашақта туристерді көбірек тарту үшін осындай тетіктерді қарастырып жатырмыз”, – деді Марат Сұлтанғазиев.

Қымыз өндірісін дамыту қалай жолға қойылып жатыр? 

Фестиваль барысында Кеген ауданында қымыз өндіру ісін дамыту мәселесі де көтерілді.

Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, бүгінде қымыз негізінен шағын шаруашылықтарда өндіріліп, туристердің сұранысын қамтамасыз етуге және Алматы қаласына жөнелтіледі.

Сонымен қатар Кегенге кіреберісте тері мен жүн өңдейтін екі зауыттың құрылысы жүріп жатыр.

Ал қымыз өндірісін жаңа деңгейге көтеру үшін ең алдымен асыл тұқымды, сүт бағытындағы биелердің санын көбейту қажет екенін жеткізді.

“Қазір Жамбыл ауданында осы бағыттағы жоба қолға алынды. Ол жерге шетелден инвестиция тартылып, сүт бағытындағы асыл тұқымды биелер әкелінді. Жылқы саны көбейген сайын қымыз өндірісі де артады. Бірақ біздің бұл мерекедегі негізгі мақсатымыз – турист тарту”, – деді облыс әкімі.

Қарқара шетелдік туристерді де тәнті етті

Биыл дүбірлі шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтармен қатар шетелдік туристер де қатысты. Мәселен, фестивальге табан тірегендердің қатарында Мәскеуден жеткен Муслим Хачкаев та болды. Қазақстандағы мұндай ұлттық шараға алғаш рет қатысқан турист ең алдымен адамдардың ұйымшылдығына назар аударған.

“Осындай игі шараға өте көп адамның жиналғанын көріп қуандым. Шара жоғары деңгейде өтті. Қазақстанда мұндай ұлттық мерекелер жиі ұйымдастырылса екен”, – дейді ол.

Қонақ қымыз бен шұбаттың да дәмін татып көрген.

“Қымыздың кейбір түрлері жеңіл ішіле бермейді. Бірақ бүгін ішкен қымызым өте дәмді болды”, – дейді ол.

Сондай-ақ турист Қарқара жайлауының табиғаты ерекше әсер қалдырғанын жеткізді.

“Мені ең қатты таңғалдырғаны – осы жердің табиғаты. Өте ғажап мекен екен”, – деді Муслим Хачкаев.


Мерекенің ендігі міндеті қандай болуы керек?

Алматы облысы қымыз өндіруге ең қолайлы өңірлердің бірі саналады.

Журналист Ерлік Ержанұлының пікірінше, мұндай шаралар өңірдің тұрақты туристік брендіне айналғанда ғана нақты нәтиже береді. Ол Қымызмұрындықты Кеген ауданының ғана емес, тұтас Қарқара өңірінің бренді ретінде дамыту қажет екенін атап өтті. 

“Бұл тек бір күндік мереке болып қалмауы керек. Мысалы, “Қарқара қымызы” деген ортақ бренд қалыптастыруға болады. Сонда ол тек Кегеннің емес, бүкіл өңірдегі жылқы өсірушілердің өнімін танытатын жобаға айналады”, – дейді ол.


Айтуынша, фестивальдің өтетін күні алдын ала бекітіліп, халықаралық деңгейде насихатталуы қажет. 

“Әлемдегі ірі фестивальдердің бәрінің нақты күні болады. Туристік компаниялар соған қарап бір жыл бұрын жоспар жасайды. Егер Қымызмұрындықты халықаралық деңгейге шығарғымыз келсе, бұл мәселеге де назар аудару керек”, – дейді ол.

Сонымен бірге журналист мұндай шараларда инфрақұрылым мәселесі де ұмыт қалмауы тиіс екенін жеткізді.

“Турист тартамыз десек, ең алдымен қарапайым жағдайларды жасауымыз қажет. Дәретхана, қоқыс жәшіктері, жәрмеңке алаңдарының жеткілікті болуы – туризмнің маңызды бөлігі”, – дейді Ерлік Ержанұлы.

Оның пікірінше, мұндай ауқымды фестивальдер уақыт өте келе өзін-өзі қаржыландыратын жобаға айналуы керек. Яғни мерекенің экономикалық қайтарымы болуы шарт.

“Бұл үшін өндірушілерге өз өнімдерін сатуға мүмкіндік беретін үлкен жәрмеңке ұйымдастырылып, фермерлердің табысын арттыратын нақты тетіктер жасалуы қажет. Сонда ғана Қымызмұрындық ұлттық дәстүрді дәріптейтін мереке ғана емес, ауыл экономикасын дамытатын тиімді жобаға айналады”, - деп түйіндеді ол.