2026 жылдан бастап құны 77 млн 850 мың теңгеден, яғни 18 мың АЕК-тен асатын жеңіл автокөлік сатып алған азаматтар мәміле сомасының 10 пайызы көлемінде салық төлеуге міндетті. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Салық мөлшерлемесі көліктің шекті бағадан қаншалықты қымбат екеніне қарамастан, сатып алу-сату шартында көрсетілген толық құнға есептеледі. Мәселен, 80 млн теңгелік автокөлік үшін 8 млн теңге, 100 млн теңгелік көлікке 10 млн теңге, ал 150 млн теңге тұратын машинаға 15 млн теңге салық төленеді.
Ведомствоның түсіндіруінше, бұл төлем жыл сайынғы көлік салығын алмастырмайды. Ол қымбат автокөлік сатып алынған кезде бір рет қана төленетін бөлек міндеттеме саналады.
Сатып алушы мәміле жасалған айдан кейінгі айдың 20-сына дейін салықты төлеп, 400.00 нысанындағы декларацияны тапсыруы керек. Белгіленген мерзім өтіп кеткен жағдайда өсімпұл есептеліп, кейін берешекті мәжбүрлеп өндіру шаралары қолданылуы мүмкін.
Салық міндеттемесі тек автокөлікті сатып алу-сату кезінде туындайды. Егер иесі тиісті салықты төлегеннен кейін көлігін туысына сыйға тартса, оны алған адам қайтадан төлемейді. Ал машина кейін сатылған жағдайда жаңа сатып алушы салықты қайта төлеуге міндетті. Көлікті бастапқы бағасынан қымбатқа сатқан азамат табысын 270.00 нысаны арқылы декларациялауы қажет.