Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында жаңа Конституцияның күшіне енуі елдің қоғамдық-саяси дамуындағы жаңа кезеңнің бастамасы екенін атап өтті.
«Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Негізгі заңымыз қоғамдық-саяси үдерістердің ауқымды жаңа кезеңіне жол ашады. Осыған байланысты мен бірқатар құжатқа, соның ішінде Құрылтай сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қоямын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, алдағы сайлау науқаны саяси партиялар арасындағы бәсекені күшейтіп, ашық әрі әділ саяси күрестің үлгісіне айналуы тиіс.
«Алдағы сайлау науқаны саяси партиялар арасындағы бәсекені күшейтеді. Бұл науқан ашық, адал және әділ саяси бәсекенің жарқын үлгісі болуы керек. Сайлауға қатысу – мемлекеттік маңызы бар іске атсалысу деген сөз. Сондықтан азаматтарымыз алдағы сайлау науқанына белсенді қатысады деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Құрылтайдың Жаңа Қазақстанның басты символдарының бірі болатынын айтып, оның құрамына елжанды азаматтар енуі қажет екенін жеткізді.
«Құрылтай – Жаңа Қазақстанның ең маңызды символдарының бірі. Сондықтан оның құрамына нағыз патриоттар, бастамашыл әрі мемлекетшіл азаматтар, яғни үздіктердің үздігі енуі керек. Өйткені халық реформалардың нәтижесін ең алдымен Құрылтайдың жұмысына қарап бағалайды», – деді Президент.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Сенат пен Мәжіліс басшылығына және депутаттарына атқарған жұмыстары үшін алғыс білдіріп, қазіргі парламенттің бірқатар депутаттары алдағы уақытта Құрылтай мен Қазақстан Халық кеңесінің құрамында қызметін жалғастыратынына сенім білдірді.