Құрылтай – ел бірлігінің айнасы

Құрылтай – ел бірлігінің айнасы
Dala News

Бүгін, 30 мамыр күні Алматы қаласында Қазақ Спорт және туризм академиясының ұйымдастыруымен тұңғыш рет Ұлттық спорт түрлері федерация басшыларының қатысуымен құрылтай дүркіреп өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұлттық спорт түрлері – халқымыздың атадан бала мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтары болып табылады. Соңғы жылдары президентіміз Қ.Тоқаевтың ерекше қолдауымен ұлттық спорт түрлері олимпиадалық спорт түрлерімен теңесіп, ерекше қарқынмен даму үстінде.

Қазақ спортының қара шаңырағында өткен алқалы жиынды ҚазСТА президенті, профессор Қайрат Закирьянов өзінің құттықтау сөзімен ашып, құрылтайға келген қонақтарға ризашылығын білдірді. Академия проректоры Мұхтар Есқалиев жүргізген құрылтайдың алғашқы бөлігі құттықтаушыларға арналды. Олардың қатарында ҚР Парламентінің депутаты Данияр Қасқарауов, "NOMAD ARENA" ипподромының директоры Ержан Майлыбаев, Алматы қаласы Ұлттық және ат спорты түрлері спорт клубы басшысы Нұрлан Оспанов, “NOMAD STUNTS” Халықаралық каскадерлар тобының негізін қалаушы және президенті Жайдарбек Кунгужиновтер болды. Қазақ күрес республикалық федерациясының тұңғыш президенті, Қазақ күресінен тұңғыш еңбек сіңірген жаттықтырушы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, "Шыңғысхан" орденінің иегері Ерғали Мұхитдиновтың ақ батасымен Құрылтайдың ашылу салтанаты өз мәресіне жетті.

Белгілі әнші, ұлттық спорт жанашыры Әзімбек Байлин «Арғымақ» әнімен шашу шашса, «Sport+ Qazaqstan» телеарнасының директоры Асхат Жақаев пен Қазақ Спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов өзара ынтымақтастық меморандумына отырды. 

Тұңғыш рет өткен Ұлттық спорт түрлері Құрылтайына демеушілік көмек көрсеткен ұлтжанды азаматтар көп болды. Олардың ішінде басты демеушілер меценат Турсенғали Алагөзов, Алматы қалалық Бәйге федерациясының президенті Қуат Үсенов пен аталған федерациясының вице-президенті Нұржан Қасеновтер және демеушілер Алматы облысының Ұлттық жекпе-жек федерациясының президенті Байсалбаев Бақытжан Сатыбалдыұлы, “SULTAN SEDLO" бренд дүкенінің негізін қалаушы Жадыра Сейітова, Абай облысы, Аягөз ауданы "Нұрбек" шаруа қожалығының иесі Болатхан Қасенов, "Sport_stars.kz" республикалық қоғамының вице-президенті Мухамед Быянху, "SULTAN-SU" компанияның президенті, Талғар ауданының құрметті азаматы Әлішер Сұлтанмұратұлы, "NG RASKET" компанияның негізін қалаушы Жақсылық Тұрарғұлұлы, "Масанчи жастары" қоғамының өкілі Эдик Яров және ұлттық спорт жанашыры Аслан Сабыржанұлы  болды. Аталған  демеушілерге Алғыс хат пен "Ұлттық спорт жанашыры" төсбелгісі табыс етілді.

Құрылтайдың екінші бөлігінде спикерлер баяндама жасады. Олардың қатарында  Көшпенділердің асық спорты халықаралық федерациясының вице-президенті, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақ күресінен Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Арқалық қаласының құрметті азаматы, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының құрметті профессоры, ҚР Құрметті спорт қайраткері, Асық ату спортының негізін қалаушы және ҚР Асық ату федерациясының тұңғыш президенті Жомарт Сабыржанұлы, Қазақстан Республикасының Тоғызқұмалақ федерациясының президенті, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Әкім Тұрсын, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (KazNARU) Н.О.Базанова атындағы «Жануарлар биологиясы» кафедрасының ұстазы, профессор, академик Қайрат Исхан, Алматы облыстық Ұлттық спорт түрлерін дамыту дирекциясының директоры Елдос Тілебалдиев, Жаппай көкпар республикалық федерациясының президенті Ғани Дирманов, Құсбегілік федерациясының вице-президенті, ҚР Құрметті спорт қайраткері Бағдат Мүптекеқызы, Теңге ілу федерациясының президенті Айбек Түркебай, «Топжарған» этно-мәдени орталығының басшысы Ғабит Таңатов, Алматы қалалық Бәйге федерациясының президенті Қуат Үсенов, Алматы облыстық «Мергендер ордасы» федерациясының президенті Мұхтархан Абаған және "ZHUSAN" шығармашылық орталығының басшысы, белгілі фототілші Жеңіс Ысқабай болды.

Спикерлер өз баяндамаларында өздері насихаттап жүрген ұлттық спорт түрлерінің даму барысы мен жеткен жетістіктері мен өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салды.  Ұлттық спорт түрлерін бірлесе дамыту бойынша бағдарлама әзірлеу мәселесін талқылады.

Құрылтай соныңда Ұлттық спорт түрлері дирекциясы құрылып, Қазақ Спорт және туризм академиясының жанынандағы  "Спорт Консалтинг Форум" ұйымына мүше болып қабылданды. Жаңадан құрылған Ұлттық спорт түрлері дирекциясының басшысы болып  "NOMAD ARENA" ипподромының директоры Ержан Майлыбаев бірауыздан сайланды. Бұған дейін де ұлттық спортты ұлықтау жолында елеулі еңбек атқарып жүрген Ержан Құрманәліұлы ендігі жерде бір тудың астына бірігіп жатқан ұлттық спорт түрлері федерацияларын жаңа белестерге бастайды деп сенім артамыз. Құрылтайда айтылған ұсыныс-пікірлер жерде қалмай жүзеге асуына тілекшіміз. Қазақ Спорт және туризм академиясының жанынан ашылған дирекция ұсыныстарды құзырлы орындарға жеткізу арқылы осы бағытта жұмыстанатын болды. Асық ату спортының негізін қалаушы Жомарт Сабыржанұлы ағамыз жиынға қатысушыларға ақ батасын берсе, "Спорт жұлдыздары" журналының бас редакторы, Қазақ Спорт және туризм академиясының құрметті профессоры, Қазақ журналистикасы мен Асық ату спортының қайраткері Мусағали Тасқалиев Құрылтайды қорытындылады. Осылайша тұңғыш рет өткен Ұлттық спорт түрлерінің құрылтайы өз мәресіне жетіп, алдағы уақытта тағы бас қосатын болып тарқасты. 

Жандос Аянбек
Педагогика ғылымдарының магистрі, 
«СЖ»