Құқықтық тәрбиеден – мәдениетті ұлтқа: Қазақстан қоғамының өзекті мәселесі

Азамат Қойшығара 28 нау. 2025 12:37

Құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейі – кез келген өркениетті елдің тұрақты дамуы мен заң үстемдігін қамтамасыз етудің басты кепілі. Бұл туралы профессор, заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының Құрметті білім беру қызметкері Алмаз Ещанов әңгімелеп берді

Оның айтуынша, құқықтық мәдениет – адамның заңға деген ішкі құрметі мен күнделікті өмірде құқықтық нормаларды сақтауға ұмтылуы.

«Құқықтық мәдениет – бұл адамның мемлекет бекіткен құқықтық құндылықтарға деген қарым-қатынасын бейнелейтін және заңдылық пен тәртіпті ұстану арқылы көрінетін рухани құндылықтар жүйесі», – деді ол.

Ғалымның пікірінше, бұл мәдениет бірден қалыптаспайды, оны уақытпен, жүйелі тәрбие мен білім арқылы сіңіру қажет. Құқықтық мәдениет – ұзақ және күрделі процесс. Ол азаматтардың құқықтық санасына, құқықтық сауаттылығына және заң шығарушы органдардың сапалы заңнама дайындауына тікелей байланысты.

Алмаз Ещанов құқықтық мәдениеттің үш негізгі құрамдас бөлігін атап өтті:

  • Құқықтық сана – адамның заңдарды білуі мен түсінуі;
  • Құқықтық әдет – заңға сай әрекет етуге бейімділік;
  • Құқықтық белсенділік – өз құқықтарын тиімді пайдалану мен заңды қорғауға ұмтылу.

«Құқықтық сана – бұл тек заңдарды жаттап алу емес. Бұл – құқықты түсіну, оны сезіну, қоғамдағы рөлін бағамдай алу», – дейді профессор.

Ғалымның айтуынша, құқықтық мәдениет отбасынан, балабақшадан, мектептен басталуы тиіс. Құқықтық тәрбие кешенді жүргізілуі қажет. Бұл – тек құқық пәнін оқыту емес. Бұл – балаларды әділеттілікке, жауапкершілікке, заңға құрметпен қарауға баулу.

Алайда, Алмаз Ещанов қазіргі қоғамда құқықтық нигилизмнің белең алғанын атап өтті. Азаматтардың кейбірі заңға сенбейді, ал заңдарды айналып өтуді қалыпты жағдай деп қабылдайды. Оның пайымынша, бұл – кеңестік кезеңдегі құқықтық тәрбиенің осалдығының салдары.

«Құқықтық сауатсыздық – бұл тек жеке адамның проблемасы емес. Бұл – бүкіл қоғамға әсер ететін фактор. Заңды білмей, оны сақтау мүмкін емес», – деді профессор.

Ғалым құқықтық мәдениетті арттыру үшін мынадай нақты ұсыныстар берді:

  • Конституция мен құқық негіздерін мектеп қабырғасынан бастап жүйелі түрде оқыту;
  • Құқықтық ақпаратты түсіндіруде БАҚ пен әлеуметтік желілердің рөлін күшейту;
  • Отбасылық тәрбие мен ұлттық дәстүрлер негізінде патриоттық және құқықтық құндылықтарды қатар тәрбиелеу;
  • Мектептер мен ЖОО-ларда құқықтық сауаттылықты арттыратын арнайы бағдарламаларды енгізу.

Сондай-ақ, Алмаз Ещановтың айтуынша, құқықтық мәдениетті көтерудің маңызды шарты – азаматтардың құқықтық белсенділігін арттыру. Бұл дегеніміз – өз құқықтары мен бостандықтарын білу, оларды заңды жолмен қорғау және басқа азаматтардың да құқығын құрметтеу.

«Құқықтық мәдениет – бұл жай ғана заңдарды сақтау емес. Бұл – азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігі, адамгершілік ұстанымы және әділетке деген сенімі. Құқықты сезіне отырып өмір сүретін қоғам ғана шын мәнінде әділетті әрі өркениетті бола алады», – деп қорытындылады Алмаз Ещанов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар