Бүгін Орал қаласындағы Қазақстанның инновациялық және телекомуникациялық жүйелер университетінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі» атты салтанатты шара өтті.
Айтулы шарада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскери техника, сол кезеңдегі жәдігерлер мен фотосуреттер қамтылған көрме ұйымдастырылды. Келушілерге соғыс тарихы мен жеңіс жолындағы батырларымыздың ерліктері туралы ақпарат беріледі.
Шарада Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің құрылтайшысы А.Әйтімов, «Генералдар кеңесі» Президиумының төрағасы, генерал-лейтенант Б.Сарсеков, БҚО қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Г. Шукеева, «Ерен еңбегі үшін» медальiнiн иегері, БҚО Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Әнесов, Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры, облыстық мәслихат депутаты Ә.Баяхов сөз сөйлеп, Ұлы Жеңістің маңызы, соғыс ардагерлерінің ерлігі және бүгінгі ұрпақтың міндеттері туралы ойларын ортаға салды.
Шара барысында өнерпаздар Ұлы Отан соғысына арналған әскери – патриоттық композицияларды орындап, қоян – қолтық ұрыс қимылдары мен тәсілдерінен көрініс көрсетті.
Шараның соңында барлық қатысушыларға солдат кашасы ұсынылады.