17 ақпан күні Радио Озоди танысқан 12 беттік бірлескен баяндамада құқық қорғаушылар Тәжікстанның исламдық өркендеу партиясының және «24 тобының» қызметіне рұқсат етуді талап еткен. Республиканың Жоғарғы сотының шешімімен, бұл қоғамдық ұйымдардың қызметіне ел аумағында тыйым салынған.
HRW және NHC Тәжікстандағы адам құқықтарына қатысты жағдай былтырғы жылдың қыркүйегінде ел билігі Орталық Азиядағы жалғыз исламдық партия қызметін заңсыз танығалы бері күрт нашарлап кеткенін айтады.
Түркия және Молдовадағы 30 тәжік саяси белсендісінің сөздеріне сүйенген баяндама авторлары тәжік билігінің қарсыластарын қамауға алып, азаптайтынын мәлімдеді.
Мұндай жағдай ресми Душанбенің сұрауымен Тәжікстаннан тысқары жерде ұсталған тағы оншақты оппозиционердің басына түсуі мүмкін. Тәжік үкіметі Беларусь, Қырғызстан, Қазақстан, Молдова, Түркия және Ресейден сол елдерде ұсталған оппозиционерлерді өзіне беруді талап етуде.
Баяндамада соңғы жылдары тәжік билігінің 20 шақты қарсыласының әртүрлі айыппен 3 тен 29 жылға дейін сотталғаны жазылған. Тәжікстанның исламдық өркендеу партиясының 200-дей мүшесі мен белсендісі түрмеде немесе үй қамауында отыр. Баяндама авторлары олардың жетеуі азаптау көргендерін айтқандарын жеткізді.