Құны 13 миллиард теңге (27 миллион доллар) тұратын Түркістан су жинау арнасы мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2023 жылы "Қазсушаруашылығы" Түркістан филиалы "СК Парасат" ЖШС-ға ұзындығы 13,9 шақырым болатын "Тәуелсіздікке 20 жыл" су тарту каналын тегін берген.
"Прокурорлардың бұл істі қарауына Жетісай және Мақтаарал аудандарында аталған канал арқылы суармалы су алатын шаруа қожалықтарының құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы негіз болды", - деп хабарлады прокуратура.
Сонымен қатар жаңа қожайын бұл каналды дұрыс пайдаланбаған, арнаны тазалау жұмыстары жүргізілмеген, бөгетті нығайтуға арналған құм шығарылған, соның салдарынан оның тұтастығы бұзылған, деп түсіндірді қадағалау органы.
Облыстық прокуратураның хабарлауынша, олар Астана қалалық сотының апелляциялық алқасына мемлекеттік мүлікті ақысыз беру туралы келісімді жарамсыз деп тану туралы шағым түсірген.