Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында су басқан үйлер саны 2680-ге жетті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
ҚР ТЖМ күштері Жем өзені арнасынан асып, Құлсары қаласын су басуына байланысты 8150 қапқа құм толтырып, 2200 метр қорғаныс бөгеттерін бекітті.
ТЖМ баспасөз қызметі мәліметінше, 20 қоңырау түскен, 9 адам, оның ішінде 4 бала құтқарылған. 34 адам қауіпсіз жерге көшірілді, 40 үй жануары эвакуацияланды.
Бұған дейін Жылыой ауданы тұрғындары қазіргі жағдай туралы айтқан еді.
"Қазір су басқан ауылдардағы тұрғындарды қауіпсіз жерде тұрған мектептерге эвакуация жасап жатыр. Жалпы Жылыой ауданы бойынша 4 сәуір күні төтенше жағдай жарияланып, 5 сәуір күні сирена іске қосылды. Әкімдік қолынан келгендерін жасады, әрине. Оларды да кінәлауға болмас. Десе де судың қарқыны қатты, ағысы күшті.
Су бұлай қатты келеді деп ойламаған едік. Жылдағы, көктемдегі қардың еріген суы деп жүр едік, бірақ тасқын су толастап келіп, әкімдік төтенше жағдай жариялағанда ғана жинақталып, есімізді жидық. Қазіргі таңда қалада көп үйді топан су басты. Тұрғындар көз алдында үй суға кеткенде еріксіз жылап жатыр.
Қаланың бәрін су басып жатыр. Орталық, базар, калалық әкімдік, жеке кәсіпкерлік орындар, мейрамханалар, мектептерге де су кірді", - деді ол.
Су тасқынынан зардап шеккендер қатары артып барады. Бірі туыстарының үйін жағаласа, бірі ауыл мектептерін паналап жатыр.
Ал 4 сәуірде сағат 09:50 шамасында А-33 Доссор-Құлсары тасжолының 101-шақырымында Жем өзенінің арнасынан су тасып, жолды су алып өткен еді.
"Қазір еріген қар суын ағызу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. 10 адам мен 4 техника жұмылдырылды", - деп хабарлады ҚазАвтоЖол.
Сонымен қатар, Доссор - Құлсары - Бейнеу - Сайөтес - Шетпе - Жетібай - Ақтау тасжолының 4-119 шақырымында көлік құралының барлық түрі үшін қозғалыс шектелді.