Құлыбаев мемлекетке 1 млрд доллар төлемек: Комитет келіссөздің жай-жапсарын ашпай отыр

Қаракөз Амантай 12 ақп. 2025 10:36 1005

Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевпен мемлекетке $1 млрд төлеу туралы келіссөз жүргізіліп жатқанын растаса да, оның нақты егжей-тегжейін жарияламай отыр. Алайда комитет бұл төлемнің “заңсыз активтерге” қатысты екенін атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы” заңның 8-бабы 3-тармағына сәйкес, уәкілетті орган мен активтерді қайтару жөніндегі комиссия мүшелері алынған мәліметтердің құпиялығын сақтауға міндетті. Комиссияның шешімі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы толық ақпарат шектеулі таралымдағы мәліметтер қатарына жатқызылды”, – деп жауап берді комитет KazTAG редакциясының Құлыбаевпен жүргізіліп жатқан келіссөздерге қатысты сұранысына.

Айта кетейік, Bloomberg агенттігі Тимур Құлыбаевтың Назарбаев билігі кезінде жинаған байлығының шығу тегіне қатысты тергеу аясында Қазақстан билігімен $1 млрд төлеу туралы келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеген еді. Басылымның хабарлауынша, егер келісім жасалса, Құлыбаев кінәсін мойындамайды, ал төлемдер инвестициялар түрінде де жүзеге асырылуы мүмкін. Сондай-ақ бұл мәміле Қазақстанның инвесторлар сенімін қайтаруына септігін тигізуі мүмкін екені айтылған.

Еске салайық, бұған дейін Тимур Құлыбаевқа тиесілі деп саналатын “ТЭК-Казахстан” компаниясы мемлекет меншігіне 54 нысанды өткізді. Бұл туралы бас көлік прокуратурасы хабарлаған болатын.

Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, құрамына жанармай қоймалары, ғимараттар мен құрылыстар, сондай-ақ негізгі құрал-жабдық топтары кіретін мүлік енді мемлекетке тиесілі. Сонымен бірге “Қорғас” халықаралық орталығындағы багаж терминалы мен жер учаскесі де қайтарылған.

Бұған дейін Аактивтерді қайтару жөніндегі комитет Тимур Құлыбаевпен соттасып жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Аталған кәсіпкердің есімі елдегі ең ықпалды бизнес өкілдерінің бірі ретінде жиі аталады. Ол «Кипрос» пен «Joint Technologies» арқылы «ТЭК-Казахстан»-ды қадағалаған деп айтылады.

Қаржы есебіне сүйенсек, Құлыбаевтың Joint Resources холдингі 2023 жылдың қорытындысында 39,1 млрд теңге таза табыс тапқан. Бұл компания негізінен активтерді басқарумен айналысады. Холдингтің қарамағында жеті еншілес мекеме бар, олардың арасында «Кристалл Менеджмент» АҚ, «Kazakhstan’s mineral resource investment company» ЖШС, «Шұбаркөл Премиум» АҚ секілді кәсіпорындар және басқа да ұйымдар кездеседі.

Мемлекетке қайтарылған 54 нысанның нақты қандай мақсатта пайдаланылатыны әлі белгісіз. Дегенмен, сарапшылар мұндай қадам елімізде активтерді заңға сәйкес реттеу және меншік қатынастарының ашықтығын арттыру бағытында жасалып жатқанын айтады. Құзырлы органдар бұл процестің жалғасатынын, ал қажетті жағдайда сот шешіміне жүгінетінін ескертуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар