Қуанышты хабар: шағын және орта бизнеске салықтық жеңілдіктер енгізіледі

Қаракөз Амантай 26 қаң. 2026 14:57

Қазақстанда шағын және орта бизнес өкілдеріне қатысты салықтық берешектер бойынша жеңілдік шаралары қолға алынбақ. Үкімет "таза парақ" қағидатын іске қосып, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қалыптасқан өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаруды жоспарлап отыр. Ол үшін кәсіпкерлер негізгі салық қарызын 1 сәуірге дейін өтеуі тиіс, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл шешім салықтық әкімшілендіруді қайта қарау аясында қабылданып, бизнестің қаржылық жүктемесін төмендетуге бағытталған. Тиісті ережелер қаңтар айында қоғамдық талқылауға ұсынылды, ал олардың ақпан айының басында күшіне енуі күтіліп отыр.

Сонымен қатар орта және шағын бизнеске қатысты бақылау мен тексеру талаптары жеңілдетіледі. Атап айтқанда, 2026 жылға дейінгі салықтық кезеңдер үшін тапсырылған есептілік 2025 жылғы 17 желтоқсанға дейін беріліп, кейін өзгертілмеген болса, оған қатысты камералдық бақылау жүргізілмейді.

Өткен жылдар бойынша салықтық тексерулер де жалпы алғанда тоқтатылады. Мұндай тексерулер тек қылмыстық істер, прокуратураның талаптары, қарсы тексерулер немесе салық төлеушінің өз өтініші болған жағдайда ғана жүргізіледі.

Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған мәмілелер мен тіркеулерді жарамсыз деп тану жөніндегі сот талаптарын қою тәжірибесі тоқтатылады, егер олар құқық қорғау органдарының материалдарына байланысты болмаса.

2026 жылдан бастап ҚҚС бойынша уақытында тіркелмегені, сол кезеңдегі айналымдар мен өткен жылдар үшін есептілік тапсырмағаны үшін әкімшілік іс қозғалмайды.

Сонымен бірге Қаржы министрлігі 2026 жыл бойы микро және шағын бизнеске өсімпұлдар мен айыппұлдарды мүлде есептемеу мүмкіндігін қарастырып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove