Қазақтарды қорлаған 44 жастағы Қостанай тұрғынына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz
Tobolinfo мәліметінше, Қостанай қаласының №2 сотында Қостанай тұрғыны Юлия Хонға қатысты үкім жарияланды. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігі ("Әлеуметтік, ұлттық, рулық араздықты қоздыру") бойынша айыпталған.
Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың қараша айының басында (нақты күні анықталмаған), түнгі уақытта шамамен сағат 03:45-те, айыпталушы мас күйде TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир жүргізген. Кейінірек Юлия Хонның адвокаты Виталий Лидің түсіндіруінше, эфир барысында Ресей мен Украина арасындағы соғыс мәселесі талқыланған. Сол кезде айыпталушы бейәдеп сөздер айтып, пікірталасқа қатысушыларды, оның ішінде қазақтарды ұлтына байланысты қорлайтын мәлімдемелер жасаған. Сот бұл әрекеттерді ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған деп таныды.
Істі қараған судья Ольга Кузнецованың айтуынша, Юлия Хонның кінәсі тікелей эфир жазбасымен, сараптамалық қорытындылармен және куәгерлердің айғақтарымен дәлелденген.
Сот шешімімен Юлия Хон екі жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтейді. Бұған дейін ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүргендіктен, сот үкімі шыққаннан кейін бірден сот залында қамауға алынды.
Айыпталушының жазасы жеңілдетілген. Себебі оның асырауында жол-көлік оқиғасынан кейін көру қабілетінен айырылған ұлы бар. Әйел баласының еміне қаржы жұмсап жүргені ескерілген.
Сондай-ақ Юлия Хонның тұрмыста екені, жұмыс істейтіні және бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны белгілі болды.
Сонымен бірге сот оны 826 мың теңге көлеміндегі процессуалдық шығынды өтеуге міндеттеді. Айыпталушының қорғаушысы Валерий Лидің айтуынша, тікелей эфир барысында оның қорғауындағы тұлға да қорлық көрген, ал ол бүкіл ұлтты емес, нақты бір адамды ғана балағаттаған. Қорғау тарапы үкімге шағымданатынын мәлімдеді.
